Жамбыл жаңалықтары

«Жамбыл дарыны» озат оқушыларды даярлайды

Қоғамның интеллектуалдық әлеуеті негізінен дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс істеу арқылы анықталады. Қазіргі заманда, постиндустриалды қоғамның қалыптасу дәуірінде, интеллектуалдық және шығармашылық адами әлеуеттің маңызы айтарлықтай артқан кезде, дарынды және ынтасы жоғары өрендермен жұмыс істеу өте қажет. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, облысымыздың дарынды жеткіншектері де өз қарым-қабілеттерін дамытып, жан-жақты екендерін дәлелдеп келеді. Оқушыларымыздың білім бәсекелерінде оза шабуына облыстық «Жамбыл дарыны» орталығының қосып жатқан үлесі қомақты.

ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 11 желтоқсандағы №514 бұйрығымен бекітілген республикалық олимпиадалар, байқаулар тізімі негізінде облыстық «Жамбыл дарыны» орталығының 2023-2024 оқу жылына жоспарланған жұмыстары 5 бағытта жүргізілді. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пән олимпиадаларын өткізу; жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми зерттеу жобалары мен конкурстарын ұйымдастыру; робототехника, бағдарламалау, инновациялық технологиялар жарыстарына қатысу; шығармашылық және өнер байқауларын өткізу және мектеп оқушыларының қабілеттілік деңгейін анықтау; кәсіби бағдарлау жұмыстары бойынша «Қабілет» қызметін жүргізу міндеті жүктелген.Облысымыздың дарынды оқушылары өткен оқу жылында жоғарыда аталған бағыттар бойынша республикалық деңгейде ұйымдастырылған олимпиадалар мен байқауларға қатысып, бірқатар жетістіктерге жетіп, аймақтың намысын лайықты қорғап шықты. Яғни, республикалық байқауларға 512 оқушы қатысса, 254-і жүлделі орындардан көрінді (43-і алтын, 20-сы күміс, 131-і қола медаль).

– Облысымыздың оқушылары халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға 111 оқушы қатысып, 55 оқушы жеңімпаз атанды.Атап айтқанда, дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан халықаралық Балқан олимпиадасынан (JBMO) күміс медаль иеленсе, әлемнің 24 елінің қатысуымен Грузия мемлекетінде өткен информатикадан «EJOI-2023» Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына қатысқан аталған лицей-интернаттың оқушысы Серікбай Сұңғат күміс медаль еншіледі. Шарел Марғұлан Ұлыбританияның Бат қаласында өткен математикадан халықаралық олимпиадаға (IMO) қатысып, күміс медаль иеленсе, «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Есен Рауан Бұхара (Өзбекстан) қаласында өткен биология пәні бойынша Авиценна атындағы халықаралық олимпиадаға қатысып, қола медаль иегері атанды.

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Сабыр Жомарт Белград қаласында өткен географиядан Еуропа олимпиадасына (ЕGeO) қатысып, қола медаль иеленді және тамыз айында Ирландия мемлекетінің Дублин қаласында өтетін географиядан халықаралық олимпиадаға (IGeO) қатысады.Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Амина Ғалымжанқызы Бразилиядағы лингвистикадан халықаралық олимпиадаға (IOL) қатысты.Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен робототехникадан халықаралық «Robotex Turkiye-2024» чемпионатына қатысқан Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Тұрғынбай Нұрғиса, Сауытбек Хамза күміс медальға ие болды. 


Қазіргі таңда елімізде мектеп оқушыларының білімін сарапқа салатын байқаулар көп. Ел Президенті де білімге көп көңіл бөліп, ғылымға бет бұрған оқушылар мен олардың жетекшілерін жігерлендіруді басты назарда ұстап келеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІV (республикалық) кезеңі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астана, Алматы, Павлодар қалаларында математика, физика, химия, биология, география, информатика секілді 6 пәннен, Қостанай, Өскемен, Астана қалаларында Қазақстан тарихы, құқық негіздері, орыс сыныбындағы қазақ тілі, қазақ сыныбындағы орыс тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі сынды 9 пәннен өткен болатын. 

Олимпиаданың республикалық кезеңіне 4 аудан, 1 қала және облыстық білім басқармасына қарасты 5 мамандандырылған мектептерден 65 оқушы қатысты. Оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағытта 34 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағытта 30 оқушы бақ сынады.Олимпиадаға қатысқан 65 оқушының 38-і облыстық мамандандырылған мектептердің оқушылары болса, 27 оқушы Тараз қаласы мен аудан мектептерінің оқушылары. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша Жамбыл облысы «Ең үздік команда» қатарына кірді.

2023-2024 оқу жылында алғаш рет Қазақстан Республикасының ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының арасында академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл мектептері арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада» ұйымдастырылды. 
Олимпиаданың мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.

– Аталған олимпиада қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Ережеге сәйкес олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. 
Оқушыларды әлеуметтендіру және академиялық білімін арттыру мақсатында республикалық кезеңіне қатысқан 49 оқушы республикалық онлайн мектептерге қабылданды. Пәндік олимпиадаға дайындаудың стратегиялары мен әдістерін үйретіп, пайдалы ресурстар мен оларды пайдалану тәртібін көрсетті.

Осы жетістіктердің барлығы облыс оқушыларының еліміздің дамуына қосып жатқан үлесі. Дарынды жастарымыз бтік асуларды бағындыруды, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуді мақсат тұтады.

Айжан ӨЗБЕКОВА