Суды үнемдегендерге берілетін субсидия көлемі ұлғайды
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтты.
Министрліктің хабарлауынша, бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.
Жалпы министрдің айтуынша, елде су тапшылығының алдын алу барысында жерасты суын игеру де маңызды рөл атқарады. Осы орайда министрлік тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Гидрогеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және жерасты су ресурсына мемлекеттік бақылау мен мониторинг жүргізуге байланысты Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.
Жерасты суларын мақсатты пайдалануды министрліктің бассейндік инспекциялары да қамтамасыз етеді. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының өзінде шағын бизнес нысандарының жерасты суларын заңсыз пайдаланудың 14 жағдайы анықталды. Қоғамдық моншалар, көлік жуу орындары және өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орындары сынды барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынып, толығымен өндірілді.
Қазақстан бойынша 55 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 103 бұзушылық анықталды. Олар – сушаруашылығы құрылысы мен құрылғысын пайдалану тәртібін бұзу, су ұңғымаларын заңсыз бұрғылау және жерасты суының су жинағыштарын салу, суды бастапқы есепке алу, оны пайдалану қағидаларын бұзу, есепке алу деректерін бұрмалау, су нысандарын заңсыз басып алу, белгіленген лимиттерден артық су алу секілді бұзушылықтар әшкере болған.Суға деген үнем трансшекаралық суды ұқыпты пайдалануға да қатысты. Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенция аясында трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мәселесін шешуге ниетті. Биыл 25 наурызда Мемлекет басшысы аталған конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қойды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ