Қордайда жиын-терін науқаны қарқынды жүруде
Жуырда Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков шаруа қожалықтарын аралап, егістік алқаптарындағы жұмыс барысымен танысты.
Жалпы биыл облыс бойынша 364,7 мың гектарға жаздық масақты дәнді дақыл, 46,1 мың гектарға майлы дақыл, 7,9 мың гектарға қант қызылшасы, 4,5 мың гектарға картоп, 22,8 мың гектарға көкөніс, 7,9 мың гектарға бақша дақылдары және 190,5 мың гектарға мал азығы дақылдары отырғызылған болатын. Ал Қордай ауданында күздік бидай 20,1 мың гектарға, жаздық арпа – 36,525 мың, көкөніс – 3,5 мың, бақша – 0,3 мың, картоп – 2 мың, дәндік жүгері – 6,5 мың, қант қызылшасы 1,025 мың гектарға егілген. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта масақты дәнді дақылдардан күздік бидай мен арпа ораққа түсіп, орташа өнімділік гектарына 15,5 центнерден айналды. Масақты дәнді дақылдарды жинауға 88 комбайн жұмылдырылған.
Бегзат Сейсенқұлұлы алдымен Степное ауылдық округіне қарасты «Қазақстан-2030» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан агроқұрылымның басшысы – Аманхан Рысымбетов. Биыл «Қазақстан-2030» шаруа қожалығы 23 гектарға «Андромеда» сұрыпты жүгері еккен. Шаруа қожалық төрағасының айтуынша, «Андромеда» жүгерісінің шығымы жақсы. Сондай-ақ малға жем ретінде пайдалануға, сүрлем жасауға өте тиімді.
Агроқұрылым суды тиімді пайдалану әдісіне айтарлықтай қаражат жұмсапты. Тамшылатып суғару жүйесіне 19 миллион теңге шамасында инвестиция салынған. Шаруа қожалықтың бригадирі Ириш Гадиев те инвестор ретінде өз қаражатын ортақ іске бағыттапты.Аманхан Рысымбетов өткен жылы гектарынан 100 центнерден дақыл жиналғанын айтады. Биыл өнім көлемі былтырғы көрсеткіштен кем болмайтынына сенімді. «Қазақстан – 2030» шаруа қожалығында 41 үлескер бар. Оларға жылда жемшөп ретінде дивиденд бөлініп отырады екен. Бегзат Болатбеков шаруамен сұхбаттасу барысында суды үнемдеу әдісі және мемлекеттен бөлінетін субсидия, тыңайтқыш, жеңілдетілген жанар-жағармай жайында әңгіме өрбітті.
Келесі кезекте аудан әкімі Бетқайнар ауылдық округіне қарасты «Мақұлбаев» шаруа қожалығының қызылша алқабына барды. Кезінде қант қызылшасын өсіруден алдына жан салмаған Қордай жері бүгінде егістік көлемі жағынан рекордық көрсеткіштерге қол жеткізбесе де, осы саладағы жаңа технологиялар мен тиімді тәсілдерді қолдануды мақсат қойып, жоғары межелерге жеткізуді көздеп отыр. Әртүрлі жағдайларға байланысты ауданда қант қызылшасы егістіктері азайғанымен, биыл бұл көрсеткіш едәуір артқан. «Мақұлбаев» шаруа қожалығы 45 гектарға «КОНЦЕРТИНА КВС» сұрыпты қызылша еккен. Мұнда да тамшылатып суару әдісі қолданылады.
«AR-AI»-ақпарат