Жаңалықтар

Әлеуметтің әлеуетін көтеру – басты мақсат

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7 пайызға өсті. Азаматтардың конституциялық кепілдіктерін іске асыруда әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі ерекше орын алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан оң өзгерістер мен бастамалар қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізуде.

Айта кету керек, 2023-2027 жылдар аралығында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, ең жоғары, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін 100-ден 120 пайызға дейін жеткізу көзделеді. Ал биыл базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын немесе 43 407 теңгені құрайды.Биыл айлық есептік көрсеткіш ұлғайып, 3 692 теңгені құрады. Ол жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ айыппұлдар, салықтар және басқа төлемдерді қолдану үшін қолданылады.Мемлекеттік бюджеттен алғашқы жәрдемақы баланың туылуына байланысты төленеді. Алғашқы үш балаға бір мезгілде 38 айлық есептік көрсеткіш төленеді, бұл қазіргі кезеңде 140 296 теңгеге тең. Төртінші және одан кейінгі балалардың тууына 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 232 596 теңге беріледі.Осы төлеммен бірге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әйелдерге бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы ресімделеді.

Оның мөлшері балалардың кезектілігіне және айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне де байланысты.Бірінші балаға айына 5,76 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 қаңтардан бастап 21 276 теңге беріледі. Екіншісіне – 6,81 айлық есептік көрсеткіш (25 143 теңге), үшіншісіне – 7,85 айлық есептік көрсеткіш (28 983 теңге), төртіншісіне және одан кейінгі балаларға – 8,9 айлық есептік көрсеткіш, яғни 32 859 теңге беріледі.Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін төлейтін әйелдерге бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бірақ оның мөлшері айлық есептік көрсеткішке емес, әйел адамның орташа айлық жалақысына байланысты беріледі. Бұл ретте өткен жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақылар да, әлеуметтік төлемдер де бір жарым жылға дейін төленетін болды. Сондай-ақ, мүгелек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 60 770 теңге. 

 

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем төлеуді тапсырды. Айта кетері, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.Арнаулы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.Төлем төрт көзден жүзеге асырылады. Олар: бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы; жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем; сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы.Айта кету керек, жыл басынан бері 364 азаматқа төлем тағайындалған. Төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Қызметкер оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлем тоқтатылады.

– Өткен жылы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелерінің қабылдануына байланысты оны алу құқығын жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары да алды. Төлем мөлшері қамауда негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған, бас бостандығынан айырылған, психиатриялық мекемелерге орналастырылған, арнайы қонысқа жіберілген немесе бостандығы шектеулі жағдайларда мәжбүрлі еңбекке тартылған адамдардың болған айларының санына байланысты есептеледі. Яғни республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және әлеуметтік қорғау органдарына жүгінген кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлігі есебінен, көрсетілген орындарда болған әрбір ай үшін төленеді, бірақ айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайды. Бүгінгі таңда 500-ден астам алушыларға ақшалай өтемақы тағайындалды, – деді Марал Ділдәбекова. 

Аяулым ЖАМАНҚАРА