Спорт

Дәстүрлі турнирде Тараздық команда топ жарды

Тараз қаласындағы «Ұлан» стадионында білікті заң қызметкері, әуесқой футболшы Темірлан Арзымбетовты еске алуға арналған 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

2016 жылдан бері қарындасы Әлия Арзымбетованың бастамасымен ұйымдастарылып келе жатқан турнирге биыл облысымыздан, Түркістан облысынан, Ақтөбе қаласынан және Қырғыз Республикасынан барлығы 8 команда қатысып, бақ сынасты. Турнир басталмас бұрын Темірлан Арзымбетовтың өмір жолы, еңбегі, жақсы қасиеттері туралы естеліктер айтылды. Банк жүйесінде жемісті еңбек етіп, жарқын жетістіктерге жеткені, жастар арасында футболдың дамуына қосқан үлесі жан-жақты әңгімеленді. Сондай-ақ жарысқа қатысушы командалар турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Арзымбетовтар әулетіне, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына, №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне риясыз алғыстарын білдірді. 

– Турнир 8 жылдан бері Темірланның жора-жолдастары, банк жүйесі қызметкерлері, айтыскер ақындар арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына күнтізбелік жоспарға 2021 жылы енгізіп, жасөспірімдер арасында шағын футболдан еске алу турнирі 2022 жылдан бері ұйымдастырылуда.Биыл да жарысқа қатысушы командалар тартысты ойын өрнегін көрсетеді деп сенеміз. Жолдың шалғайлығына қарамастан жан-жақтан келген командаларға ризашылығымды білдіргім келеді, – деген Әлия Арзымбетова командаларға сәттілік тіледі.

Бес күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Ал турнир барысында ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Қырғыз Республикасынан келген «Талас» командасына ақтық ойында сәттілік серік болмай, екінші орынды қанағат тұтты. «Сұңқар» командасы үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар бірқатар ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. 

А.БЕКЕНҚЫЗЫ