Жаңалықтар

Тұрғын үй нарығы тұраламайды

Тұрғын үй нарығы десе көз алдымызға біреудің мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен, тағы бірінің мемлекеттік бағдарламалар арқылы ипотекалық жолмен немесе өз қаражатына, ал енді бірінің екінші деңгейлі банктерге арқа сүйеу арқылы баспаналы болуы елестейтіні анық. Дегенмен мұның сыртында біреудің баспанасын сатуы, сатып алуы, айырбас жасауы, тұрғын үй немесе пәтерді біреудің-біреуге жалға беруі, кепілге қоюы секілді толып жатқан қызметтер тұрғын үй нарығы деген ұғымның аясына кіретінін ұмытпауымыз керек. Осы ретте бір айта кетерлігі, тұрғын үй саудасы қызған, яғни сатып алу-сату келісім шарты көптеп жасалған жерде баспана бағасы шарықтайды. Тұрғын үй саудасының қыза түсуі – біреуге бақ, біреуге қайғы. Себебі баға қымбаттаған жерде қолында қаржысы жоқ адам қиналады. Бір анығы, экономикасы тіктелген, тұрғын үй нарығы қарқынды дамыған елде тұрғын үй саудасы бәсеңдемейді.

БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ

Жалпы баспана мәселесі ықылым заманнан бері өзектілігін жоймай келе жатқанын қазақтың «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Алайда мемлекет «Қолжетімді баспана», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» секілді әр түрлі жеңілдетілген бағдарламаларды іске қосу арқылы бірнеше жылдан бері баспанасыз жандардың басты мұңын шешіп беруге күш салуда. Дегенмен аталған бағдарламалар іске қосылып, небір зәулім тұрғын үй кешендері бой көтергенімен екінші нарықтағы пәтердің де, жеке үйлердің де бағасы шарықтап кетті. Бұл біз сөз еткендей елімізде тұрғын үй саудасы жанданғанын көрсетеді. Алайда біреу мемлекеттік бағдарламамен үйлі болса, ал оған ілікпегендер, оның ішінде қарапайым халық, әсіресе жас отбасылар баспаналы болудың жолын таппай қиналып жүр. Бұл боямасыз шындық. Айлықтан айлыққа иек артып, баспана үшін біреуге жамбаспұл төлеп, өлместің күнін кешкен отбасылар үшін үйлі болу оңай шаруа емес.Негізінде тұрғын үй нарығында баспананың қанша теңгеге бағаланатыны оның сапасы мен шаршы метріне қарай және орналасқан ауданына байланысты айқындалады. Мәселен, «Krisha kz», «OLX.KZ» секілді жылжымайтын мүлік туралы хабарландыру сайттарында Тараз қаласының орталығындағы тұрғын үйлерде немесе жаңадан салынған тұрғын үй кешенінде орналасқан, жағдайы жақсы 3-4 бөлмелі пәтерлер 40-50 миллион теңге деп тұр.

Ал жөндеу көрмеген ескі тұрғын үйлердің бесінші қабатындағы 3 бөлмелі пәтерлердің арзаны – 30-35 миллион теңге. «Ұлы дала» ықшамауданындағы еурожөндеу жүргізілген 3-4 бөлмелі пәтерлер 30-40 миллион теңгеден кем емес. «Аса», «Жансая» ықшамауданында орналасқан тұрғын үйлердегі көп уақыт жөндеу көрмеген бірінші немесе бесінші қабатта орналасқан 3-4 бөлмелі пәтерлердің бағасы да 25-30 миллион теңге аралығында. Қаланың орталығындағы ескі жер үйлердің де бағасы 40-50 миллион теңге шамасында. Теміржолдың арғы беті (Залинией), «Шалғай қарасу» секілді тұрғын алқаптардағы 4-5 бөлмелі, ескі үйлердің бағасы 18-20 миллион теңге деп көрсетілген.Дәл қазіргідей нарық заңы үстемдік құрған заманда қалтасы жұқа, қарапайым адамның мемлекеттің қабылдаған жеңілдетілген бағдарламасынан тыс ойламаған жерден баспаналы бола қалуы екіталай. Өйткені тұрғын үй салу үшін оған жұмсалатын құрылыс материалдарының сырттан келуі, оның қымбаттығы баспана бағасының жылдан-жылға шарықтап өсуіне әсер етсе, жергілікті жердегі халық санының ұлғаюы да тұрғын үйге деген сұранысты арттыруда. Ал осы тығырықтан халықты алып шығатын жалғыз жол – мұқтаж адамның үй салу үшін жер кезегіне тұрып, өз қолымен баспана тұрғызуы. Алайда оған  күш те,  қаржы да керек.

ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНЫҢ ДЕНІ СЫРТТАН КЕЛЕДІ

Қазақта «Базарға барып, бағыңды сына» деген сөз бар. Осы ретте біз «Ауыл-Береке» базарына барып, үй салу үшін жұмсалатын құрылыс заттарының ең негізгі қажет дегендерінің бағасына назар аударған едік. Алдымен тау-тау болып үйілген тақтайларды аралап, ағаш сатумен айналысатын саудагерлермен тілдестік. Ернұр Берік есімді жігіттің отбасы бала күнінде Шымкент қаласынан көшіп келіпті. Әкесі 2008 жылы ағаш сатуды кәсіпке айналдырған. Қазіргі таңда бұл істі Ернұр ұршықша иіруде.


Ернұрдың айтуынша, ол кімнің ағашты өз үйін салу үшін, кімнің үйді салғаннан кейін сатып жіберу үшін іздеп келгенін жазбай таниды. 


Оның қарамағында 7 жұмысшы бар екен. Әрқайсысына күніне 6 мың теңгеден төлейді. Олардың бірі құрылғы ретінде темір үстелге бекітілген дөңгелек пішіндегі айналмалы тісті арамен ағаш кесіп жатса, тағы бірі сатылған тақтайларды көлікке тиеумен айналысуда. Біз айтқан өлшемдегі тақтайдың барлығы да Ресейден дайын күйде жеткізілсе, тек 5х5 өлшемдегі тақтайшалар ғана тұтынушының  сұранысына қарай сауда орнында кесіліп, дайындалады.Ресейде қыстың күні ағаш арзандағанымен, есесіне Қазақстанға жеткізудегі жол шығыны қымбатқа түседі екен. Жазда керісінше ағаш қымбаттап, жол шығыны арзандайды. Түптеп келгенде ағаштың Таразға келгендегі бағасында қыста да, жазда да айырмашылық жоқ көрінеді. Әйтсе де былтырғыға қарағанда ағаштың бір данасы биыл 300 теңгеге қымбаттаған.Хусеин Тахаров есімді саудагердің сөзіне сүйенсек, қаңылтырдан жасалған шатыр жабындыларының бір данасының бағасы – 4 мың теңгеден басталып, 20 мың теңгеге дейін барады. Шатыр жабындыларының қалыңдығы 00,15-07 миллиметр. Черепица металының 1 шаршы метрі 2100 теңге тұрады.Шатыр жабындыларының қиылысқан жерін жабатын 2 метрлік қаңылтырдың (конек) бір данасы 1500 теңгеден басталады екен. Өнімдер Қарағанды облысынан жеткізілуде.Сонымен қатар шегенің де бағасына көз жүгірттік. 10, 50, 200 сантиметрлік секілді кез келген шегенің түрі өлшеміне қарай емес, келілеп сатылуда. Шегенің бір келісі 450 теңгеге бағаланса, қапсырма шегенің (скоба) бір данасы 50 теңге тұрады.

– Арматура сатып жүргеніме 10 жылдан асты. Әу баста осы жерге жүк тиеуші болып жұмысқа орналасқан едім. Уақыт өте келе тауар иесінің сеніміне кіріп, арматурасын сатып көмектесіп жүрдім. Аталған құрылыс заты қайдан, қанша теңгеге келеді, оның 1 тоннасын сатқанда қанша теңге пайда түсетіні секілді сауданың қыр-сырын әбден мегеріп алғаннан кейін, жинаған қаражатымның басын біріктіріп, өз алдыма бөлініп арматура сатуға кірістім. Осылайша сауданың мұратын түсініп, кәсібім өрге жүріп берді.Жер үйдің іргетасы үшін диаметрі 12 немесе 
14-тік арматура қажет. 12-лік арматураның бір метрі 330 теңге тұрса, 14-тіктің бір метрі 430 теңге. Өнім Қарағанды облысынан келеді. Одан бөлек, өзіміздің тараздық арматураны да алып-сатумен айналысамыз. Арматура Қытайдан да келеді, бірақ ол тым әлсіз, 12-лік арматураның бағасы 170 теңге.Арматураның бағасы былтырғыға қарағанда биыл арзандады, тоннасына 30 мың теңге айырмашылық бар. Сонымен қатар Қарағандыдан келетін арматура тараздық өнімнен метріне 30 теңгеге қымбат, – дейді саудагер Айбар Тұрысбек.

ҮЙДІ АЛҒАН ТИІМДІ МЕ, САЛҒАН ТИІМДІ МЕ?


Осы орайда біз Байзақ ауданы, Үлгілі ауылына жол тартып, ондағы жаңадан берілген жер телімінде салынып жатқан үйлерді аралап көрдік. Үш бөлмелі үйді әйелі екеуі салып жатқан жас отбасымен жүздесіп, отағасы Көшербай Думанұлын әңгімеге тарттық. Ол сөз арасында, қара күзге дейін үйге қоныстануды мақсат тұтқанын айтты.

– Баспананы мемлекет есебінен берілген 10 соттық жер теліміне салып жатырмыз. Әйелім Ранагүл Қалмат Түркістан облысының қызы. Екеуміз 2017 жылы отау құрдық. Әйелмін демей жаныма жалау болып, осы істің басы-қасында жүргенін екеуміздің өмірдің ыстық-суығына бірге төзуіміздің нағыз көрінісі деп есептеймін. Іргетастың асты берік болуы үшін 12 ауыр жүк көлігіне тиелген, құны 156 мың теңге болатын шағал төседік. Оны бір аптада келіншегім көмектесіп, тегістеп шықтық. Ұзындығы 12 метр, ені 9 метр іргетасқа 93 мың теңгеге 3 тонна цемент, 55 мың теңгеге қиыршық тас, 35 мың теңгеге домалақ тас жұмсалды. Арматурасына да, қалып үшін тақтайға, қара қағаз, шегеге дейін аз ақша кетпейді екен. Іргетастың жартысын асарлатып, қалғанын тағы да екеуміз құйдық. Іргетас қалау жұмысын ағайындарды шақырып асарлату, өзіміз істеу арқылы бір аптада аяқтадық.

Еңбектің өтеуі – оның рақатын көру. Қар жаумай, қазан ұрмай жас отбасылар үйіне қоныстанып алса игі. Көшербай ең болмаса қаладан ипотекаға екі бөлмелі үй алудың да сәті түспегенін, десе де мұндай амалмен баспаналы болып, оны жылдар бой төлегеннен өз қолымен үй тұрғызу ұтымды екенін сөз етті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ