Ел дамуы салық жүйесімен тығыз байланысты
Биыл мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына – 10 жыл. Айтулы мерекені облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жоғары деңгейде атап өтті. Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сала қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.
Іс-шарада сөз алған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы мен қаржы жүйесінің дамуындағы мемлекеттік кірістер органдарының маңыздылығына тоқталып, ел қазынасы үшін жұмыс атқарып жатқан қызметкерлерді айшықты мерекесімен құттықтады.
Бұдан соң өңір басшысы бірқатар салық саласының ардагерін марапаттап, құрмет көрсетті. Атап айтқанда, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ардагерлері – Күлдар Рақымжанова, Тоқтагүл Түсіпова мен Владимир Морозов наградталды. Сондай ақ, салада ұзақ жыл еңбек еткен Ербол Дербісәлиев, Мұрат Дондаев, Карима Қалықұлова, Гаухар Наренова мен Несіпкүл Тұрдаховаларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
Бұдан бөлек, салтанатты жиында сала ардагері Гүлсін Сабденбекова Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасын иеленіп, бірқатар қызметкер «Мемлекеттік кірістер органдарына – 10 жыл», «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Мерейтойлық марапаттау салтанатының соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кету қажет, облыстың салық саласында тұрақты өсім байқалып отыр. Мәселен өткен жылы өңірде меншікті кірістер 150,7 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 26,3 пайызға артқан. Сондай-ақ, жыл басында меншікті кірістер жоспары 102 миллиард теңгеге орындалып, бюджетке 17,2 миллиард қаражат жоспардан артығымен түскен.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ