Каналдардың айналасы абаттандырылады
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Бақытжан Әмірбекұлы алдымен «Түйте» каналының жағдайымен танысты.
Қазіргі таңда «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен аталған каналды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл шаһарда ұзындығы 60-тан аса шақырымды құрайтын 8 канал механикалық тазалаудан өткен болатын. Енді сол каналдарды абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. «Түйте» каналы – соның алғашқы қадамы. Каналдарды тазалап қана қоймай, айналасын абаттандыру да айрықша маңызға ие. Бұл бір жағынан тұрғындардың тынығатын орнына айналса, екіншіден, судың канал бойымен еш тоқтаусыз ағуына мүмкіндік береді.
Бастысы, жұмыстар сапалы әрі межеленген мерзімінде орындалуға тиіс, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.Айта кетейік, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Түйте» каналының аталмыш бөлігі 1 шақырым 738 метрді құрайды. Мұнда қазір он техника тартылып, жиырмадан аса адам еңбек етуде.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» ықшамауданындағы 1 200 орындық «Жайлы мектептің» инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстарын көрді.
– Оқу ордаларының инфрақұрылым жүйесі балғындардың сапалы біліммен қамтылуына жағдай туғызып қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Ал балалардың қауіпсіздігін сақтау – әрдайым басты назарда. Күні ертең осы мектептің табалдырығын аттайтын оқушылар білім ошағына еш кедергісіз қатынауы керек. Сондықтан мектептің инфрақұрылым жүйесі сапалы түрде жүргізілгені жөн, – деген шаһар басшысы жұмыстарды жоспарға сай орындауды тапсырды.
Тараз қаласы
әкімдігі медиа орталығы