Жаңалықтар

Таразда үшем дүниеге келді

Жуырда облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді. Сәпиевтер отбасында дүниеге келген үшемнің екеуі – қыз, біреуі ұл.

35 жастағы Тараз қаласының тұрғыны бұған дейін 5 бала дүниеге әкелген. Осылайша енді Сәпиевтер отбасында сегіз бала тәрбиеленбекші. Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келді. Нәрестелердің бірінің салмағы – 992 грамм болса, екіншісінікі – 984, үшіншісінікі — 950 грамм.Нәрестелерді дүниеге келе сала тексеру, күтіп-баптау жұмыстары перинаталдық орталық қызметкерлері тарапынан барынша жіті бақыланып, қолға алынған.

Қазіргі уақытта Асылым, Айбатыр, Асылай есімді балапандардың жағдайы жақсы, анасы өзі қарай алады. Дәрігерлер мерзімінен бұрын туылған нәрестелерге дұрыс күтім жасау қажеттігі бойынша анасына кеңестер беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының 
баспасөз қызметі