Сүндеттеудің де сыры мол
Сүндеттеу – мұсылманның басты міндетінің бірі. Ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде қауын-қарбыз піскен шақта 3-5 жасқа толған ер баланы сүндетке отырғызған. Қазақ халқы сүндетке отырғызылған баланы «Міне, енді азамат болдың» деп, ағайын-туысты жинап, ұлан-асыр той жасаған.
Медицина тілінде айтсақ, сүндеттеу – ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған қабықшасын кесу. Сүндеттеу X-XI ғасырда еніп, XIV-XV ғасырдан бастап жалпыхалықтық дәстүрге айналды.Шариғатымызда сүндетке отырғызудың нақты уақыты белгіленбегендіктен, баланың денсаулығы сүндеттеуді көтере алуына баса мән беріледі. Этнограф Досымбек Қатранұлы баланы ерте сүндеттеудің де зияны бар екенін айтады.
Тараз қаласындағы заманауи сүндеттеу орталықтарының бірі – «SUNDET medical center». Қайрат Рахметов орталықты 2022 жылы ашыпты.
– Біраз жыл бұрын баламды сүндетке отырғызу үшін қайда, кімге алып барарымды білмей, заманауи орталықты көп іздедім. Қарасам Алматы мен Астана қалаларында сүндеттейтін арнайы орталықтар көп екен. Ал Таразда жоқ. Неге ата-аналар баласын сүндеттеу үшін басқа қалаға сабылуы керек. Сөйтіп ойлана келе Тараз қаласынан арнайы орталық ашу туралы шешімге келдім. Алдымен Алматы қаласына арнайы барып, саланы жан-жақты зерттедім. Содан кейін барып ғимарат тауып, керек-жарақпен толықтай жабдықтадым.Ең бастысы білікті маман таптым. Дәрігерлеріміздің еңбек өтілі жоғары.
Ал баланы сүндетке отырғызу құны 20 мың мен 60 мың теңге аралығында екен. Кейбір хирург бергеніңді алады. Ал кейбірі нақты бағасын айтады. Арнайы орталықтардан бөлек ауруханалардағы, емханалардағы белгілі хирургтер де балаларды сүндетке отырғыза береді.Осы орайда сүндетке отырғызудың пайдасы туралы білікті дәрігер Нұртуған Әлқуатов айтып берді.
– Ешуақытта 3,5 жастағы балаға сүндеттелетіні туралы, ол процестің қалай өтетіні туралы ашық айтпаңыз. Бала психологиясы зардап шекпеуі керек. «Дәрігерге көрсетеміз» деумен шектеліп, толық мән-жайды ашып айтпаңыздар.Ал сүндеттеудің пайдасы – біріншіден жыныс мүшесінің қабынуының алдын алады. Зәр жолы тар болғандықтан, мүшенің басын ұдайы ерекше тазалап отыруды талап етеді. Бұл балаға едәуір қолайсыздық тудырады. Есейгенде жыныс мүшесінің обыры сынды дертке де шалдығуы ықтимал. Мысалы, сүндеттелгендер арасында жыныс мүшесі обырына шалдығу қауіптілігі 0 пайыз. Мүлдем жоқ. Алайда, Қытай, Уганда және Пуэрто-Рико сияқты елдерде обыр ауруының 12-22 пайызы жыныс мүшесінің обыры үлесінде. Бұл зияндылығы жағынан өте жоғары көрсеткіш.
Ер баланың азамат атанғанының алғашқы белгісі де осы – сүндетке отырғызу. Ал түсінген адамға сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ сүндетке отырған балаға «Ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгені құтты болсын!» деп тілек айтып, сүндет той жасаған. Той төресі – сүндет той көп болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА