Брифинг

53 Мектеп «Starlink» желісіне қосылды

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте айтылды. Баспасөз мәслихатына облыстық білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев, облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасына қарасты облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Тәшенова қатысты.

Гүлпара Алшабайқызының айтуынша, 2024 жылы облыстағы 445 мектептің барлығын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін 635 887 709 теңгеге келісімшарт жасалып, 12 білім ордасында интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке, ал 433 мектепте секундына 20-150 мегабитке жеткен.


Жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету үшін облыстағы 53 мектеп «Starlink» пилоттық жобасына енгізіліпті. 

– «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамымен 71,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда 53 мектептің барлығына құрылғылар орнатылып, интернет жылдамдығы секундына 150 мегабитке жетті.Мектептерге жеткізілген интернетпен мұғалімдердің жұмыс орнын қамтамасыз ету мақсатында «Транстелеком» акционерлік қоғамы 2 ай көлемінде жергілікті желілерді қалыпқа келтіру бойынша тегін зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 1 миллиард 412 миллион теңгенің қажет екендігін анықтап берді.

Мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын қадағалау мақсатында облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасы, облыс әкімдігі білім басқармасы және «Новые технологии Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған меморандум негізінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы 5 мектепте және Тараз қаласындағы 5 мектепте NetXMS платформасын пилоттық режимде қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

Айжан ӨЗБЕКОВА