Жаңалықтар

Қауіпсіз суперинтеллект жұмысын бастады

Әлемдегі ең беделді жасанды интеллект зерттеушілерінің бірі, ғалым Илья Суцкевер «Safe Superintelligence Inc» деп аталатын жаңа стартапты іске қосты. Биылғы мамыр айында өзі негізін қалаушылардың бірі болған «OpenAI» компаниясынан кететінін хабарлаған И.Суцкевер көп ұзамай жаңа жобасын қоғамға көрсетті.

«OpenAI» – 2015 жылы Сэм Альтман, Илья Суцкевер, Илон Маск және тағы басқа мамандардың жетекшілігімен құрылған компания. Мақсаты – қоғам игілігі үшін ашық жұмыс істеу. И.Суцкевер бұл жерде әуелгіде бас ғылыми қызметкер, кейін жасанды интеллектінің қауіпсіздігі бөлімін басқарды. Ал қызметтен кеткеннен кейін «Apple» компаниясының AI әзірлеу бөлімінің бұрынғы басшысы Дэниел Гросс және «OpenAI»-дің бұрынғы қызметкері Дэниел Левимен бірге «Safe Superintelligence»-тің негізін қалады.Күні бүгінге дейін адамзат үшін ақпарат айдынындағы айнымас дос – «Chat GPT» жасанды интеллектісі болды. Жақында оның «Chat GPT–4о» деген жаңа түрі қолданысқа енді. Оның бұрынғысынан артықшылығы – екі есе жылдам ақпарат тауып, кез келген тілді анық түсінеді.

Тіпті қазақ тілінде де лезде жауап береді. Мұнда сіз тек мәтін ғана емес, аудио форматта да хабарлама жаза аласыз. Ал өзіндік бренді қалыптасқан «OpenAI»-дің танымал технологиясынан жаңа өнімнің қандай ерекшелігі бар?«Safe Superintelligence» – кәдімгі адамның миымен бірдей мүмкіндікке ие нейрожелі. Ол ақпараттарды зерттейді, талдайды және қабілетін әртүрлі жағдайда қолдана алады.И.Суцкевер өзінің аталған компаниясының құрылғаны туралы әлеуметтік желідегі жазбасында: «SSI – бұл біздің миссиямыз, біздің атауымыз және бүкіл өнімнің жол картасы. Ол – басты назарымыздағы жоба. Біздің команда, инвесторлар және бизнес-модель барлығы SSI-ға қол жеткізуге бейімделген. Біз қауіпсіздік пен мүмкіндікті қатар қарастырамыз. Өйткені техникалық мәселелер революциялық инженерия мен ғылыми жетістіктер арқылы шешіледі», – деп айтқан. 

Шынымен, жаңа өнімде қауіпсіздік ерекше назарға алынған. Илья Суцкевердің «OpenAI» компаниясынан кетуінің басты себебі де – осы. Тіпті бұл туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Яғни нейрожелі ешкімге зиян тигізбеуге тиіс. Ол адамзат ақыл-ойына идея қосқанымен, оны басып озбайды. Сол арқылы технологияның табиғи интеллектіні басқаруының алдын алады. Ал бұл жолда жаңа ұжым өздеріне кіл жүйріктерді жинауды көздеген. Сондықтан қатарға супербарлауды жүзеге асыратын инженерлер мен зерттеушілердің шағын, элиталық тобын жасақтайды. Осылайша, таңдамалы шығармашылық ұжымның арқасында коммерцияға бағытталмаған, қауіпсіз суперинтеллект өз жұмысын бастайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА