Утилизациялық алымның әуресі көп болып тұр
Соңғы уақытта қоғамда жаңадан тіркелген көліктерге салынатын утилизациялық алым көлемін азайту мәселесі қызу талқылануда. Осыған байланысты петиция да жарияланып, оған 50 мыңнан аса адам қолдау білдіріп, қол қойды. Сәйкесінше, арнайы қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, мәселе жан-жақты талқыланды. Қоғам белсенділері мен құзырлы министрлік өкілдері қандай шешімге келді? Көптің талап-тілегі орындалды ма? Ендеше жүргізушілердің арқасына аяздай батқан мәселені зерттеп көрейік.
ДАУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Қазіргі таңда елімізде 20 миллион тұрғынға шаққанда 5 миллионнан аса автокөлік бар екен. Статистикаға сәйкес, былтыр нарықта сатылған көліктердің 65 пайызын отандық өнімдер құраған. Яғни жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 пайызы кәдеге жарату алымын төлеген жоқ. Қалған 35 пайыз импорттық көліктің басым бөлігі «Mercedes», «BMW» сияқты премиум санатындағы көліктер. Бұл көліктерге утилизациялық алым төленді. Осы орайда көліктердің құнына аз-кем тоқталып өтсек. Елімізде халық арасында сұранысқа ие көліктердің барлығы өзімізде өндіріледі. Ал импорттық көліктердің бағасы жоғары, кейбірінің құны 50-60 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұндай көліктер үшін утилизациялық алым төлеуге міндетті. Алайда утилизациялық алымның белгіленген көлемі талай тұрғынның қалтасына салмақ салып отыр. Айталық, қазіргі уақытта жеңіл көлік иелері ең аз дегенде 277 мың теңге көлемінде утилизациялық төлем жасауы тиіс. Ең жоғары сома 2 миллион теңгеден асып жығылады. Мұндай қомақты аударымдарды жасауға көлік иелерінің басым бөлігінің мүмкіндігі жете бермейді.Алайда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Primeminister.kz» сайтына берген сұхбатында берген барлық төлемдерді, соның ішінде 3 жылдан асқан автокөліктерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкелетінін айтты.
Жалпы елімізде автокөліктерден утилизациялық және тіркеу алымын алудың енгізілгеніне 8 жылдан асқан екен. Кейін ауылшаруашылығы техникаларынан да алына бастаған. Осылайша, мұның соңы көліктердің қандай түрлерінің болмасын қымбаттауына әкеліп, ол тасымалға қатысы бар барлық нәрсенің: жеткізу қызметінен бастап азық-түлікке дейінгі тізбектің бағасының көтерілуіне ұласты.Қымбатшылықтың кесірінен қарапайым жұрттың жаңа көлікке қолы жетпей қалды.Сол 2016 жылдан бері ескі көлік нарығына байланғаны сондай, қазір зауыттан шыққанына орташа есеппен 22 жыл болған көліктерді айдап жүргендердің қарасы қалың. Цифрмен айтқанда, елімізде 5,4 миллион автокөліктің 46 пайызы 2004 жылдан бұрынғылар. Өйткені жаңасы қолжетімсіз әрі аз. Сол сияқты үш жыл болмаған көліктер жалпы санның 6 пайызын, яғни 328,4 мыңын ғана құрайды.Оның үстіне отандық автопромнан шыққан көліктердің бағасы соңғы 9 жылда 4 есе қымбаттаған. Оған себеп – елімізге құрастыруға келетін автокөліктер шетелдік делдал компаниялар арқылы әкелінді де, мемлекет тарапынан олардың бағасына бақылау жасау қиын болды. Мәселен, тек «Hyundai» үшін ғана Абу-Дабидің Еркін экономикалық аймағындағы аралық компанияға ай сайын 30 миллион долларға дейін қаражат аударылып отырған. Иә, халық амал жоқ сатып алған көлігі үшін бұл міндетті төлемді өтеп жатыр. Бірақ қоғамда «Бұл қыруар қаражат қайда бағытталуда, бір дөкейдің қалтасына кетіп жатқан жоқ па?» деген күмәнді сұрақ туындағаны рас.
ПЕТИЦИЯДАН ПАЙДА БОЛМАДЫ
Осы мәселелердің барлығын назарға ала отырып қоғам белсендісі Санжар Боқаев бастаған топ 10 мамыр күні мемлекеттік «e-Petition» ресурсында «ҚР халқы утилизациялық алымға және алғашқы тіркеуге қарсы» атты петиция жариялады. Санаулы күндер ішінде петицияға 50 мыңнан астам адам қол қойып, мұнда көрсетілген ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Петиция авторлары бірнеше талапты белгіледі. Олардың қатарында жеңіл автокөліктерге арналған утилизациялық алым мөлшерін 100 мың теңгеге дейін азайту, басқа көлік түрлеріне утилизациялық алымды нөлге тең ету, ал ауылшаруашылығы техникасынан оны мүлде алып тастау ұсынылған. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктің жылына байланысты алғашқы тіркеу алымының мөлшерін 0,25 – 500 айлық есептік көрсеткіштен 0,25 айлық есептік көрсеткішке немесе 923 теңгеге дейін азайтуды талап етті.Саяси реформалық өзгерістерге байланысты қандай да бір петиция 50 мыңнан астам қол жинаса, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шенеуніктер мен өтініш берушілерден тұратын уақытша комиссия құрылып, оны қарауға тиіс. Соның аясында утилизациялық алымға да қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл құрамда заңнамаға сәйкес мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, өтініш беруші және оның өкілдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер болды.
ҚАРСЫ ТАРАПТЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР
Арнайы құрылған жұмыс тобы халық наразылығын тудырған мәселеге қатысты Қостанайда болып, жергілікті машина жасау кәсіпорындарын аралап көрді. Сондай-ақ утилизациялық алым төңірегіндегі мәселелерді таразылады.Өңірде қазір ауылшаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшек шығаратын кәсіпорындарды қоспағанда, «Беларус» тракторын құрастырып жатқан «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты, «Есіл» комбайнын құрастыратын «Агромаш» зауыты, «Kia Cerato», «Kia Sportage», «Chevrolet Onix» және «JAC S3» автомобильдерін шығарып жатқан «Аллюр» зауыты жұмыс істеп тұр. «KamLitKZ», «KIA» зауыттарының құрылысы жүріп жатыр.Қостанайдағы 2018 жылы іске қосылған «МТЗ-Қазақстан» зауыты бастапқыда тек сырттан келген дайын бөлшектерден трактор құрастыратын болған. Бүгінде өңірде «Беларус» тракторының кабинасы толықтай жасалады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқы жылы небәрі 20 шақты трактор құрастырған зауыт былтыр 1 500 «Беларус» шығарған.Негізі елімізде трактор құрастыратын 8 зауыт бар. Соқа, тырма, дәнсепкіш тәрізді агрегаттарды шығаратын он шақты зауыт жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы сұраныстың басым бөлігін осы кәсіпорындар өтейді. Елімізде жылына сатып алынатын 6 000 трактордың 5 500-і – отандық өнім. Сондай-ақ жылына 1 500 комбайн сатып алынса, оның да мыңға жуығын өзіміз өндіреміз. Бұған аталған өндіріс орындарында еңбек етіп жатқан мыңдаған адамды қосыңыз. Бюджетке де миллиондап салық түсіп жатыр. Жұмыс тобы өкілдерінің пайымынша, утилизациялық алым жойылса, осы тіршіліктің бәрі тұралап қалады.Өндірістік инвесторлар одағының вице-президенті Әліби Сұлтанның айтуынша, мемлекет инвесторды қосымша құн салығынан және импорттық алымнан босатады. Өз кезегінде инвесторға да 15 жылдық міндеттеме жүктеледі. Мысалы, «МТЗ-Қазақстан» зауыты кабина жасауға 2025 жылы көшу керек екен, алайда оны бір жыл ерте бастап кетті. Бұл да инвестормен жасалған шартта қарастырылған дүние.
Жұмыс тобының құрамында жүрген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев утилизациялық алымнан түскен қаржы автокөлік шығарушылар мен ауылшаруашылығы техникаларын құрастырушыларға жұмсалады дегенді жоққа шығарды.
Сонымен қатар аталған мәселе аясында Алматы қаласында қоғамдық тыңдау өтті. Бірақ оған петиция авторларының өзі қатысқан жоқ. Мұны жұмыс тобының атқарған ісіне көңіл толмауымен, оған қоса тыңдаудың «Hyundai Trans Almaty» зауытында ұйымдастыруымен түсіндірді. Бейтарап аймақта, яғни Астана қаласында сарапшылардың қатысуымен өтсе ғана бой көрсететіндерін білдірді.Алматыдағы қоғамдық тыңдауға жиналғандар алдында бұған дейін тұрғындар төлеген утилизациялық алым қаражатының қандай мақсаттарға жұмсалғаны түсіндірілді. «Жасыл даму» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Шынасыл Ерназардың айтуынша, 2022-2023 жылдары жеңілдетілген автонесиелеу, ауылшаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыруға 180 миллиард теңге бөлінген. Қоқыс өңдеу және сұрыптау зауыттарын салуға, орман мекемелері үшін арнайы техника сатып алуға қосымша тағы 200 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 90 миллиард теңгені көздейтін түзетулер енгізіледі. Бұл қаржы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің, орман мекемелерінің және автобус сатып алудың қажеттіліктеріне бағытталады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» акцонерлік қоғамы арқылы қайтарымды негізде бөлінуі жоспарланып отырған 470 миллиард теңгенің 185 миллиард теңгесі зауыттарға жұмсалады. Бүкіл Қазақстан бойынша жылына жалпы қуаты 3 миллион тонна қалдықты сұрыптайтын 21 желі, қайта өңдеу бойынша 45 зауыт салынып, 223 арнайы техника сатып алынады», деген Шынасыл Ерназар «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, 13 347 отбасы жеңілдетілген автонесиелеу арқылы жаңа көлік сатып алғанын айтты.
Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры Әділбек Бектібаев петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, ұсыныстың қанағаттандырылмайтынын айтты.
Бірақ бастамашыл топ мұндай пайыммен келіспейді. Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкий жұмыс тобының жұмысына көңілі толмағанын айтты.
– Менің ойымша, нақты статистика келтірілген, дәлелденген толыққанды отырыс болған жоқ. Екі тарап өз ойын ғана айтты. Ортақ шешімге немесе келісімге келмеді. Сондықтан қоғамдық талқылаудың шешіміне келіспеймін, – деп қайырды қоғам белсендісі.
АЛЫМ ҚҰНЫ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ
Ал соңғы ресми шешімді таяуда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың өзі мәлім етті. Министрдің айтуынша, қазір утилизациялық алым құны бойынша ешқандай өзгеріс болмайды. Сондай-ақ Қанат Бисимбайұлы елде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін протекционизм қажет екенін айтады. Оның пікірінше, елде автокөліктердің бағасы басқа елдерден сәл жоғары немесе тең.
Жұмыс тобының төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков утилизациялық алым мәселесі әлі де қарастырылатынын атап өтті. Бұл мәселе алдағы уақытта Мәжілісте тағы талқыланады.Ал министрлік болса басқа елдерден заңсыз көлік тасымалына тосқауыл қоюға көмектесетін бірнеше істі қолға алуды көздеп отыр. Олардың қатарында жеті жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салу, ескі көліктер мен ауылшаруашылығы техникаларын утилизациялаудың жаңа бағдарламасын енгізіп, оларға ақшалай өтемақы беру, жеке тұлғаның жеке пайдалануы үшін бір жыл ішінде бір көліктен артық техника әкелмеуі сынды шаралар бар.
Осы орайда көрші мемлекеттердегі утилизациялық алым деңгейін салыстырып көрсек. Ресейде кәдеге жарату алымының базалық мөлшерлемесі – 20 мың рубль. Яғни шамамен 100 мың теңге болып бекітілген. Бірақ мұның үстіне автокөліктің қозғалтқыш көлемі мен шыққан жылына байланысты коэффициенттер қосылады. Мәселен, 2001-3000 текше метр аралығында қозғалтқыш көлемі бар жаңа автокөлікті тіркету 2022 жылы 1 546 752 теңгені қажет еткен. Ал темір тұлпардың шыққанына 3 жылдан асқан болса, 2 637 609 теңгеге дейін ұлғаяды. Өзбекстанда 2001-3000 текше метр аралығында қозғалтқыш көлемі бар, шыққанына 3 жыл толмаған автомобиль үшін алым сомасы 1 955 144 теңге болса, 3 жылдан асқандар үшін 3 584 429 теңге. Яғни, Қазақстанмен салыстырғанда қымбатырақ.
Ал, көлік саласы дамыған Еуропа одағы елдерінің утилизациялық алымы бәріне ортақ. Шамамен жаңадан сатып алған көлікті тіркеуге 100 еуро төлеуі керек. Нидерландыда 45 еуро ғана. Жапонияда утилизациялық алым импорт және экспорт болып бөлінеді. Күншығыс елінің өзінде өндірілген көліктерге алым бір-ақ рет төленеді. Құны көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты. Бірақ 130 доллардан аспайды. Кейбір көліктерге 90 доллар төлейді. Ал импорттық көліктер 190 доллардай. Импорттық көліктердің басым бөлігінің салмағы ауыр болғандықтан көбірек төлейді. АҚШ-та шағын көліктердің утилизациялық алымы 100-200, толық көлемді көліктердікі 150-300 доллардың арасы. Ал жүк көліктері мен ауыр техникалардікі 300-500 доллардың шамасы.
Қалай десек те шетелден келген көлік үшін төленетін утилизациялық алым мөлшері қарапайым халық үшін ауыр болын тұрғаны рас. Шетелдік су жаңа көлікті тізгіндеген жамбылдық азаматтың бірі – Сайын Сейтжан. Ол жуырда Оңтүстік Корея елінен «Toyota Corolla» маркалы автокөлігін сатып алған. Оның айтуынша, алғашқы төлем мен утилизациялық алым қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда.
P.S Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «утилизациялық алымды алып тастауға негіз жоқ» деп қоғамда қызу талқыға түскен мәселеге нүкте қойғанымен, қоғам белсенділері бұл тақырыпқа қайта ораларын айтып отыр. Қос тараптың да өз уәжі бар. Айталық, Үкімет отандық автокөлік өндірісін дамытуға жүздеген миллиард теңге бағыттап жатқанымен, белсенділер «бізде автоөндіріс дамып жатқан жоқ» дейді. Екі тараптың да көңілінен шығатын, әрі халыққа қолжетімді шешімді табу үшін мемлекет утилизациялық алым көлемін қайта қарау керек секілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ