Қарасора: заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Маусым айының басында “Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды arainfo.kz
Кең ауқымды операцияның негізгі мақсаты – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен, сақтаумен және тасымалдаумен айналысатын адамдарды анықтау.
Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында тікұшақ техникасы, пилотсыз ұшу аппараттары қолданылады, “Бүркіт” жауынгерлері жұмылдырылады. Әуе арқылы барлау жүргізіледі.
Алматы және Жетісу облыстарының аумағында 20 реттен астам тікұшақ арқылы барлау жүргізілді. Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстарының аумақтары да әуе арқылы тексерілді. Ұшу нәтижесінде жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 9 мыңнан астам қарасора бұтасы және салмағы 250 кг көкнәр өсімдігінің 4 мыңға жуық бұтасы тәркіленді. Қылмыс орнында 14 есірткі дайындаушы ұсталды, оның ішінде біреуі іздеуде жүрген.
Операция барысында 450 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 106 өткізу фактісі, 77 аса ірі мөлшерде сақтау фактісі, 43 контрабанда және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 102 фактісі.
Тек “Қарасора – 2024” операциясы кезінде заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 1,3 тонна марихуана мен 29 кг гашиш.