Білім

Қазақ тілім – менің ұлттық мәртебем

«Ана тілі - халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи бір тұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық, жағдайда мәңгілік біріктіретін сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастауыда сонда жатыр. Ел-жұртымызды, туған жерімізді оның өзен-көлдерін, соларға деген перзенттік махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз», - деп педагог К.Д. Ушинский айтқандай тіліміз еліміздің тірегі мен жүрегі.

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі - кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ болып мәңгілік болуы тиіс! Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.

Қазақ тілі – елдің қазынасы. Тіл –көңілдің бұлағы, ой – қоңырауы. Қазақ тілінің шырыны – бабалар өсиеті. Өлмейтін өсиетті естіген кеуде еріксіз тулайды. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті.

Қазақ тілі - өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді, елге медет болып адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл.

Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай.

Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі. Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық. Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл – құралы» екенін ұмытпасқа керек.

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе - бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе - бұл күйініш. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады.

Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау - үлкен қылмыс. Этика, эстетика дегендердің тым нәзік сырларын әр халық өз тілінде ғана еркін түсінсе керек.

С.Ф. Рамазанова 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Астана қаласы бойынша департаменті