Неге ауылдан алыстап барамыз?!
Қазіргі таңда жастардың ауылда тұрақтамай, қалаға ұмтылуы қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бұған не себеп? Бұл үрдісті қалай тоқтатуға болады? Меніңше жастардың ауылдан алыстап, қаланы бетке алуының бірден-бір себебі – жұмыссыздықпен тікелей байланысты.
Ауыл жастары көбінесе мал бағумен және егін егумен айналысады. Мұның өзі дене еңбегін қажет ететін әрі адамды әбігерге салатын науқандық жұмыстар. Күн сайын қайталана берсе, жастар одан да жалығады. Қарап отырсақ, қазір жоғарғы оқу орнын бітірген кей ауыл азаматы үйленген соң қалаға жұмыс істеуге кетеді, ал ата-анасы ауылда қалады немесе баласының артынан еріп қалаға көшеді. Бұл үрдісті тоқтатпасақ, болашақта ауылда оқитын оқушы таппай қалсақ та, таңғалмаймын. Жастар қалаға кетіп, жандарын қинамай өмір сүргісі келеді, ауылдың ауыр бейнетіне көндіккілері келмейді.
Алайда жұмыс істеймін, табыс табамын деген адамға ауылда да жайлы өмір сүруге болады. Мәселен, менің ауылымда ауызсу, газ, интернет және жол сияқты тұрмыстық игіліктердің барлығы дерлік бар. Ауа райы да жанға жайлы. Әрі мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыру мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсе, жалқаулыққа салынбай еңбек етсе, ауыл тіршілігі де алға басар еді…
Дегенмен мемлекет тарапынан жастарға материалдық қолдау болғанымен, рухани қолдау жетіспейтіндей көрінеді. Себебі, жастардың бос уақытта серуендеп, көңіл көтеруге, шығармашылықпен және спортпен айналысуына қажетті клуб, мәдени ошақтар мен спорт кешендері жоқтың қасы. Ауылды көркейту – жастардың қолында. Ауыл көркейсе, мемлекет те көркейеді. Өйткені ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.
Кәусар ШАЙМЕРДЕН,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің түлегі,
Тасбастау ауылы