«Footvolley»-ден алғаш рет облыстық турнир өтті
«Footvolley» – әлемдегі танымал спорт түрінің бірі. Алғаш рет Бразилияда пайда болған ерекше спорт түрін 1965 жылы Октавио де Мораэс ойлап тапқанын айта кеткен жөн. Бразилия елінің тәртібіне сай жағажайда футбол ойнауға рұқсат берілмеген. Осылайша, мәжбүрліктен жаһанға «Footvolley» тез таралып кеткен көрінеді.
Тыңнан түрен салудан тынбайтын Шу қалалық жастар ресурстық орталығы «Footvolley»-ден облыстық турнир өткізіп, жаңашылдыққа жақын екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спорттық сайыстың тартысты өткені соншалық, кімнің топ жарарын топшылау қиын болды.Барлығы 7 команда бақ сынаған жарыстың алғаш рет Шу ауданында өткені қуантады. Себебі, тар шеңберден шығып, жастардың талғамына сай іс-шара ұйымдастыру аса маңызды. Іс-шараның ашылу салтанатында Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев сөз алып, спортшылардың сынына сәттілік тіледі.
Тартысқа толы жарыстың қорытындысымен «Еңбекші» командасы бірінші орынды иеленіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Сонымен қатар «ЖРО» командасы күміс жүлдені еншілесе, үздік үштікті «Ардагерлер» түйіндеді. Ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Абзал Мүтәш турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды. Жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен кубоктар табысталды.
– Біз жастарды жалықтырмай, таным көкжиектерін кеңейту мақсатында ерекше форматтағы жарыстарды жиірек ұйымдастыруға бекініп отырмыз. Бұған командамыз дайын. Осы мүдде жолында еңбек етіп, жақсы нәтижеге қол жеткізу біздің басты мақсатымыз, – дейді Шу қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Шәймерден.
Байжан ЕМБЕРДІ,
журналист,
Шу ауданы