Үміт пен сенімді ақтау – парызымыз
Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Мағжан ақын үміт артқан жастарға деген құрмет мен қолдаудың белгісіндей жыл сайын 12 тамызда Халықаралық жастар күні тойланады.
Әулиеаталық белсенді жастар білімі мен біліктіліктерін тәуелсіз еліміздің өркендеуіне жұмсап, жастар саясатын жетілдіру мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуына үлес қосуда.Бүгінде облысымызда 1 миллион 200 мыңнан аса халық тұрса, 355 мыңнан астамын жастар құрайды. Өңірде жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді.Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтары тарапынан 7 369 іс-шара өткізіліп, оған 202 773 адам қамтылды. Атап айтқанда, облыстық қан орталығында өңіріміздің 85 жылдығы аясында және Алғыс айту күніне орай жастар арасында «Шын жүректен!» атты донор болу акциясы өтті. Облыстық жастар ресурстық орталығы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен акцияға 200-ден аса волонтер қамтылды.Сонымен қатар, қазақ кинематографиясының майталманы Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақ кино әлемінің Шәкені» атты кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға қадірлі қонақ ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова қатысты. Сол сияқты наурыз айында облыстық жастар ресурстық орталығы мен облыстық әділет департаментінің арасында салалық волонтерлікті дамыту, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын кеңейту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Заң саласының өкілдері құқықтық қызмет көрсету бойынша жастарға арналған ақпараттық кеңес беру алаңдарын тұрақты түрде өткізуде.Өрендеріміз қайырымдылық іс-шараларға да белсенді қатысады. Жастар ресурстық орталығы жанындағы облыстық волонтерлік фронт-офисінің волонтерлерінің қатысуымен «Жылулық – жастардан» атты көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, қарияларға көмек көрсету арқылы отызға жуық қайырымдылық акциясы өтті.
Көктемде еліміздің бірқатар өңірін су басқаны белгілі. Су тасқынының алғашқы күндерінен бастап облыстың волонтерлік фронт-офисі «Ұлттық волонтерлік желімен» және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «Күшіміз бірлікте!» акциясына белсенді қатысты. Облыстық волонтерлік фронт-офистің базасында өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмысын бастады. Гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат алғашқы күннен бастап медиа-волонтерлердің көмегімен әлеуметтік желілерде, түрлі мессенджерлерде белсенді түрде таратылып, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары қолға алынды.
Сондай-ақ волонтерлердің облыстық төтенше жағдайлар департаментімен өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, құтқарушылармен тұрақты түрде байланыс орнатылды. Волонтерлер су басқан аймақтарға азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге, сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмыстарына айрықша үлес қосты. Гуманитарлық көмекті жинау және сұрыптауға 60-тан астам ерікті жұмылдырылды.Кәсіпкерлер мен белсенді тұрғындардың ұйытқы болуымен гуманитарлық көмек, оның ішінде киім-кешек, ұзақ мерзімге сақталатын азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар, резеңке етіктер, үрлемелі қайық және бірқатар қажетті тұрмыстық жабдықтар жиналды.
Осылайша қарғын судан зардап шеккен өңірлерге барлығы 360 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.Су тасқынының салдарынан қалыптасқан экологиялық апаттардың алдын алу мақсатында елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Акция аясында 148 іс-шара өткізіліп, 3 805 жас қамтылды. Сонымен қатар акция шеңберінде 17 916 ағаш көшеті егіліп, 115 тонна күл-қоқыс шығарылды. Акция жастардың бойында қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттыруға көп көмегін тигізді.
Бүгінгі таңда облыстық жастар ресурстық орталығы Тараз қалалық мансап орталығымен де ынтымақтаса жұмыс істеуде. Нәтижесінде осы уақытқа дейін 72 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 1 327 жұмыс беруші мекеме қатысып, 4 101 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 4 710 жас қатысып, 134-і ақылы қоғамдық жұмыс орындарына, 5 жас – кәсіби оқытуға, 9 жас – әлеуметтік жұмыс орындарына, 127 жас – «Жастар практикасы» бағдарламасына, 141 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар жалпы 537 жас жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алған.
Биыл жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл ел» бағдарламасына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 173,5 миллион теңге қарастырылып, 2 000 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда «Жасыл ел» еңбек жасақтары өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандарда жалпы 1 121 жас маусымдық жұмыстарға тартылды. Оның ішінде 54-і уақытша бос жүрген жастар болса, төртеуі пробация тізімінде тұрғандар. Маусымдық жұмыстар барысында 966 900 шаршы метр аумақ тазаланып, 81,2 тонна күл-қоқыс шығарылып, 494 қураған ағаш кесіліп, 4 354 ағаш көшеті отырғызылды.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жобасы аясында 29 миллион теңгеге 300 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Жас сарбаздар елді мекендер аумағында, Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», «Денсаулық» және «Мамыр» саябақтарында және ықшамаудандардың аулаларын, көшелерді, арық жүйелерін, каналдарды күл-қоқыстан тазартып, тал-дарақтарды әктеп, көгалдандыру, сырлау жұмыстарын жүргізуде.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Халықаралық жастар күнін жоғары деңгейде атап өту бойынша «JASTARMEN BIRGE» атты ұлттық жастар онкүндігі басталды. Облысымызда жастар күнін атап өту бойынша арнайы жоспар бекітіліп, он күнге арнайы айдарлар қойылып, жоспар аясында ауқымды іс-шаралар атқарылуда.
Атап өтсек, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 3 тамыз күні қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында «Тарихқа тағзым» атты облыстық эко-турнир өтіп, «Қарахан баба», «Айша бибі», «Тектұрмас» кесенелерінің аумағында және Талас өзенінің бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Эко-турнирге жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, белсенді жастар және волонтерлер қатысты. Эко-турнир аясында жалпы көлемі 400 шаршы метр аумақ тазаланып, 3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.Одан бөлек, 5 тамыз күні облыстық қан орталығында «DENSAULYQ – ZOR BAILYQ» жобасы шеңберінде «Шын жүректен» атты донор болу акциясы ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты – жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін ұғындыру. Акцияға өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, белсенді жастар, қала тұрғындары және волонтерлер қатысты.
Сондай-ақ, жастар мен қариялар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақтастығы онкүндіктен тыс қалған жоқ. Жастар онкүндігінің «MEIIRIMDILIK MEKENI» жобасы аясында «Ұрпақтар ізімен» атты ардагерлер мен жастар арасында шахматтан, тоғызқұмалақтан, дойбыдан турнир өтті.Тарихи фильмдер арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сананы және тарихи білімді қалыптастыру мақсатында отандық фильмдердің ашық аспан астында көрсетілімі болды. Фильмнің көрсетіліміне жиналған жастар белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалады.
Халықаралық жастар күніне орай онкүндік әлі де жалғасуда. 12 тамыз күні облыс жастарының басын қосатын «JastarFEST» фестивалі ұйымдастырылып, жастардың онкүндік іс-шаралары бойынша қорытынды марапаттау кеші өтеді. Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Осы ретте, құздан оңайлықпен құламайтын, сыннан сағы сынбайтын, өресі биік, рухы мықты жастарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Алар асуымыз, бағындырар белесіміз көп болсын!
Айбек ҚАДЫРАЛИЕВ,
облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық
даму басқармасына қарасты
облыстық жастар ресурстық
орталығының директоры