Жаңалықтар

Экологиялық акция жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Ауқымды акция аясында саябақтар мен көшелер, аулалар мен ауылдар абаттандырылып, көрген кісінің көзі тоятындай құлпырып шыға келді. Экологиялық акция облысымызда да қарқынды жүзеге асырылуда. Игілікті іс-шараға облыс жастарының да қосып отырған үлесі қомақты.

Биыл 12 тамыз – Халықаралық жастар күні «Жастармен бірге» ұлттық жастар онкүндігі форматында аталып өтіледі. 3-12 тамыз аралығында республика бойынша 1 000 000-нан астам адам қамтылып, 5 мыңнан аса іс-шара жоспарланған.Ең алдымен жастар күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы Жастар саясатының негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Атап өтсек, жұмысқа орналастыру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуға, ұлттық сананы нығайту мәселелеріне баса назар аударылады.

Сондай-ақ, ұлттық онкүндік шеңберіндегі іс-шаралар «Адал азамат» концепциясын насихаттауға ықпал ететін болады.Онкүндіктің әр күніне арнайы тақырып қойылған. Онкүндік шеңберінде облыс жастары саябақ аймақтарын, өзендер мен көлдер жағасын, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандардың аумақтарын абаттандыру және тазалау жұмыстарын жүргізді.
Тараз қаласындағы «Қарахан» кесенесінің аумағында өткен «Тарихқа тағзым» атты эко-турнир іс-шарасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, өңір жастарының игі бастамасына сәттілік тіледі.

 

 


Мұнан соң «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қоғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскенбекова, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев сөз сөйлеп, белсенді жастарға жылы лебіздерін арнады.Ал Тараз қаласының «Көктем» алқабында «Эко LIFE» тақырыбымен өткен эстафетаға 300-ден аса белсенді жас қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Эстафета аясында қатысушылар қураған шөптерді орып, алқапты қоқыстардан тазартты. 2022-2023 жылғы халықаралық үздік волонтер Азамат Нәмелбек эстафетаны Жамбыл ауданының жастарына жолдады.

Акция барысында барлық ауданның жастары белгіленген орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, эстафетаны келесі ауданға береді. Осылайша эстафета түріндегі экологиялық акция апта сайын әр ауданда өтетін болады.Жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға арналған.Пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтындығы белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырап, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды.

Жерасты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл адамзат үшін өте қауіпті құбылыс. Бұдан бөлек, пластик қалдықтардың қаланың кәріз жүйесін толтырып, су басу қаупін тудыратыны белгілі.Осы мәселеге жол бермеу мақсатында қала тұрғындары, коммуналдық мекемелер мен жастар бірігіп, «Тараз – таза қала» акциясын өткізді. Қатысушылар Тараз қаласы «Салтанат» ықшамауданында орналасқан «Жасыл желек» алқабында тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға 100-ге жуық адам қатысып, пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 300 қап күл-қоқысты арнайы орынға апарып төкті.


«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өтті. Атап айтқанда, су айдындарының жағалауларында, саябақтар мен скверлерде, жаздың ыстық күндерінде демалушылар көп жиналатын жерлерде жалғасты.Белсенді азаматтар, еріктілер мен жастар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылдық округінің автокөлік жолының бойында жаяу жүргіншілер жолдарына тазалылық жұмыстарын жүргізсе, Жамбыл ауданы, Аса ауылында «Аса» өзенінің ауыл маңындағы жағалауын қоқыстан тазартты.

Жуалы ауданында «Ардагерлерге қамқорлық» акциясында 17 еңбек ардагерінің, жалғызбасты қарттардың аулаларын тазалау жұмыстары жүргізіліп, «Батырбек Датқа» кесенесінің аумағында қоршауларды сырлау, жасыл желектерді суару жұмыстары жүргізілді.Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғындарының қатысуымен «Таза аула», «Үздік көше» акциялары кең көлемде ұйымдастырылды.Жамбыл облысында акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 127 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 14 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 918 бірлік техника жұмылдырылды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ