Жаңалықтар

Құрқылтайдың ұясы 80 түрлі ауруға ем

Табиғаттың теңдесі жоқ сыйының бірі – құстар. Қанатты тіршілік иелері жөнінде тебіреніп те, сүйсініп те таңды таңға жалғап талай әңгіме айтуға болады. Өйткені қанаттылар біздің өміріміздің сәні іспеттес.

Халқымыз кейбір құстарды киелі деп санаған. Қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімінде, әдет-ғұрпында киелі құстар – жақсылықтың жаршысы, берекенің бастауы, бақыт әкелуші, ырыс-құттың нышаны. Ал киелі құстарға қарлығаш, үкі, бүркіт, ұлар, аққу, дегелек, тырна және тағы да басқа құстар жатады. Мысалы, қарлығашты адамның досы, аққуды пәктіктің нышаны деп дәріптеген. Сондықтан да «аққуды атпа, ұларды шулатпа, тырнаға тиме» деп тыйым салып отырған.«Ұларды атсаң ұлардай шулап қаласың» деп түсіндірген. Құстар туралы небір аңыз-әңгімелер де жетерлік. Алайда соңғы жылдары қазақ халқы қасиетіне балаған киелі құстардың қатары сиреп барады.Жақында «Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің экспедиция мүшелеріне қарабас құрқылтай құсын кезіктіру бақыты бұйырды.Мың түрлі емге дауа ұясымен танымал киелі құсты эспедиция мүшелері Жуалы ауданы аумағындағы Қаратау жоталарында жатқан Боралдайтау шатқалындағы Боралдай өзені маңынан тапқан.

Жолға асфальт төселмегендіктен шатқалға жету өте қиын. Содан да мұнда келушілердің қатары аз. Туристердің аздығы дұрыс та шығар.Себебі Боралдайтау шатқалында қадірменді жерлестеріміздің «мәдени демалысынан» қалған белгілер атымен жоқ.Табиғат-ана мейірімін төккен осы маңда құрқылтайдан өзге қарамаңдай тағанақ, сарыалқым аражегіш, сарғалдақ торғай секілді құстар кездеседі.Жалпы Боралдайтау шатқалына бақалтақ қыран мен қара дегелек те жерсіне алады. Сол сияқты флора мен фаунаға бай шатқал дыркептер, үнді қараторғайы, бұлақшы, сауысқан, көкқарға, бозбас пайыз құстарымен де мақтанады.Даланың көркі саналған құстарды тамашалау үшін арнайы ұйымдастырылған экспедицияға Жуалы ауданы, Ертай ауылының атақты құсбегісі Мәлік Нүкісбеков те қосылған. «Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ефимованың айтуынша, табиғат жанашыры Мәлік құстарды сыртқы түріне ғана емес, тіпті дауысына қарап тани алатын қасиетке ие екен. 


Бір қызығы, ересек құстар ұяны таза ұстау үшін балапандар тамақтанып болған соң қалған қалдықтарды алып тастап отырады екен. Құрқылтайлар балаларына азық ретінде көбелек, инелік, шыбын, дернәсілдер мен кішкентай өрмекшілер тасиды. Қыс айларында бұл құстар тұқыммен қоректенеді.Құрқылтай – торғай тәрізділер отрядының бір туысы. Дене тұрқы кішілеу, 11 сантиметр шамасында, салмағы 20 грамм мөлшерінде. Бастары көбінесе сұр түсті. Бастарындағы қара жолақ ерекше көзге түседі. Тұмсығы – жіңішке, үшкір. Өзен, көлдерге жақын тоғайларда тіршілік етеді. 1 500-1 700 метр биіктікке дейін мекендейді. Зиянкес жәндіктерді жоя алатындықтан орман мен баққа пайдасы зор. Құрқылтай ұдайы болатын ағаштардың бөрік басында өзінің бар екенін «Тсссий … тсссий» деген назды ызыңмен жиі айқын білдіреді.

Қолғап тәрізді ерекше ұяны жыл сайын жаңадан тоқиды, кейде оған сақталған ескі ұялардың мамығы мен тінін пайдаланады.Жойылып бара жатқан құстар қатарына жатпайтындықтан құрқылтай «Қызыл кітапқа» енбеген. Дегенмен жарты ғасыр уақыт бұрын облысымыздың бүкіл аумағында топталып жүретін құрқылтайды қазіргі уақытта тұрғындар сирек баратын шалғай мекендерден ғана кезіктіре аласыз.Тағы бір ескерерлік жайт, түрлі факторлардың нәтижесінде бұл құстың тіршілік ету ортасы жойылып барады. Өкініштісі мұның әсері құстардың сиреуіне әкеліп соғады.Экспедиция мүшесі, белгілі құсбегі Мәлік Нүкісбековтың айтуынша, қасиетті құс мекен еткен Боралдайтау Қаратау жотасының ең көрікті жерінің бірі.

«Ақсу-Жабағылы» қорығының аңшысы Баян Ботбаев болса балалық шағында Талас жотасының Талды бұлақ шатқалындағы өзеннің үстіндегі тоғайлы орманда құрқылтай құстың ұяларын жиі кездестіргенін айтады. Алайда бүгінгі таңда олардың саны әлдеқайда сиреп қалған. Сондай-ақ аңшы қасиетті де киелі құстың ұясы 80 түрлі ауруға ем екенін жеткізді.

– Заман ілгерілеп, медицина қанша қарыштап дамыса да химиялық дәрі-дәрмектен гөрі табиғи емге қажеттілік қашанда маңызын жойған емес. Соның ішінде ата-бабаларымыз ежелден қолданған тәсілдің бірі – құрқылтайдың ұясымен ем жасау. Кішкентай ғана көзге көрінер-көрінбес осы құс ұясының өте керемет емдік қасиеті бар екенін біреу білсе, біреу білмес.Құрқылтайдың ұясы сүйектің сырқырауы, буынның қақсауы, тамырлардың ісінуі, бүйрек аурулары, ревматизм, жатырдағы түрлі аурулар, простатит, аденома, бедеулік, белсіздік, құрсақ көтермеу сияқты көптеген ауруларға шипа. Және де бұл емді кез келген адам үй жағдайында қолдана алады. Ешқандай қиындығы жоқ. Тек ұяның бұлауына кешке жатар алдында түскен жөн. Өйткені ем қабылдағаннан кейін желге шығуға, суық тигізуге болмайды.Ем он немесе он бес күнге дейін жалғасады. Міне, осы он бес күнге осы құстың бір ұясы жетеді.

Бір ескеретін жайт, ем екен деп құрқылтайдың ұясын кез келген уақытта алуға болмайды. Ұядан балапан қанат қағып, ұшып кетіп, бос қалғанда ғана алуға болады. Әйтпесе киелі құстың киесі ұрады. Ұя негізі шөп пен жібектен тұрады. Құс оны ауыз сілекейімен мықтап өріп тоқиды. Кәдімгі әжелердің баласына шұлық тоқығанындай шеберлік дерсіз. Егер қолыңызға ұстап, жақсылап қарасаңыз асқан шеберлікпен тоқылған, кішкене тесігі бар себет қапшықты елестетеді. Құрқылтай ұяны кем дегенде 7 метр биіктікке ағаш басына салады. Жерден қарағанда бұл кәдімгі себет қапшықты ағаш бұтағына іліп қойғандай көрінеді.

Оған адам түгілі өрмелеген жылан да жете алмайды. Жылан қанша жармасса да бұтақтың игіштігінен жерге сырғып түсіп қалады. Қанша күшті жел, нөсер жауын, боран болса да ұя сол қалпы тұра береді, үзіліп жерге түспейді. Не желмен ұшып жоғалып кетпейді. Өйткені ұясын тоқығанда жібекті ағаштың бұтағына мықтап байлап тастайды. Ұяның негізгі емдік пайдасы – құрқылтайдың ауыз сілекейінде, – деген Б.Ботбаев құрқылтайдың ұясымен емделу үшін емші іздеп әуре болудың қажеті жоқ екенін, оны қалаған адам өзі-ақ жасай алатынын айтты.Аңшының сөзіне сүйенсек, емдік қасиеті бар шөптерден іріктеп, әрі сілекейімен өріле тоқылған ұя жібек сияқты болады екен.

Оның біреуін бірнеше емге пайдалана аласыз. Құрқылтай ұясының осындай ерекше қасиеті бар. Мұны да біле жүргеніміз жөн. Десек те ем екен деп қасиетті құстың ұясын балапандары қанаттанбаған кезде алып, оның көбеюіне зиян тигізбеу жағын да ұмытпау керек. Қай нәрсенің де обалы, киесі болатынын естен шығармайық.Жоғарыда сөз еткеніміздей табиғи антропогендік әсерден киелі құстың жойылып кету қаупі бар. Ал, биоәртүрлілікті сақтау үшін тоғайлы ормандарды қорғау және қалпына келтіру шараларын қабылдап, құстар мен басқа жабайы жануарлардың демалу аймақтарын анықтап, қорғауға алу қажет. 

Ақтоты Жаңабай