Алыс - беріс артады
Жуырда Астана қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес форумы өтті. Онда екі елдің кәсіпкерлері жалпы сомасы 43,5 миллион долларды құрайтын құжаттарға қол қойды. Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық компанияларының, іскер топтарының және мемлекеттік органдарының 400-ден аса өкілі қатысты. Форумды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Форум аясында қазақстандық және өзбекстандық кәсіпкерлер В2В форматында екіжақты кездесулер өткізіп, агроөнеркәсіптік кешен, сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсіп, құрылыс және тағы басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Бизнес форум барысында лифт индустриясы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өзбекстандық кәсіпкер, «Технопарк» ЖШҚ бас директоры Сарвар Ахадов лифт шығару саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ, көрші елді шаймен қамту көзделіп отыр. Қазақстандық «Unitea» шай фабрикасы Өзбекстанның ең ірі сауда желісі «Корзинка» компаниясымен ай сайын 20-30 тонна шай жеткізу туралы меморандумға қол қойды.Бүгінде компания Ресей, Қытай және Қырғызстанды қоса алғанда, сыртқы нарықтарда өз кәсібін жүргізіп отыр.2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 миллиард АҚШ долларын құрады.Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жетінші орында және Қазақстанның Орталық Азиямен тауар айналымының 57 пайыздан астамын құрайды.
Эльмира Байназарова