Базарларды модернизациялауға мән берілуде
Ретсіз әрі заңсыз саудамен күрес, базарларды модернизацилау, санитарлық ахуалды жақсарту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта ҚР Сауда және интеграция министрлігі базарларды жаңғыру жөнінде Жол картасын әзірлеген болатын. Жол картасына сәйкес облысымызда да қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Жалпы өңірімізде әмбебап базарларды модернизациялауды 2026 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Негізі барлық базар қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 5 ақпанындағы №131 қаулысымен бекітілген «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру» қағидалары шеңберінде реттеледі.Сауда орындарында кәсіпкерлікті заң талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың 15 наурызында облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру бойынша кешенді іс-шара жоспары» бекітілген. 2022-2023 жылдары Тараз қаласындағы қаладағы 3 сауда базары мен 1 сауда орталығында модернизация жұмыстары жүргізіліпті.Жол картасына сәйкес атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы Бексұлтан Нұрғалиевпен сөйлестік.
2026 жылға дейін модернизациялау жұмыстары жүргізілмеген жағдайда Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандарымен базарлардың қызмет көрсетуі тоқтатылатындығы туралы базар басшыларына ескертілген екен. Ал базарлар жабылатын болса, мыңдаған кәсіпкер мен олардың отбасы табыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан базар басшылары да модернизациялауға айрықша мән беруде.
Әрине шаһарымыздағы барлық базар талапқа сай деп айта алмаймыз. Мәселен «Қаратау» ықшамауданындағы базардың жағдайы сын көтермейді. Нағыз жабайы сауда орны десек қателеспейміз. «Тұмар» сауда үйінен басталатын жайма базар мамандандырылған №2 өрт сөндіру орталығына дейін жалғасады. Жол бойында көкөніс те, жеміс-жидек те, ұсақ-түйек те саудаланып жатыр.Қала басшылығы базарларды модернизациялаудың бірқатар нақты шарттарын да белгілеген.
Яғни кез келген сауда орындарында стационарлық нысан міндетті түрде салынуы шарт. Оған қоса объектілердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі тиіс. Базар маңында тұтынушылар үшін барынша қолайлы көлік тұрақтарының болуы да міндеттеледі. Ең бастысы еліміздің салық заңдылығының қатаң сақталуы мен кәсіпкерлердің арнайы тіркеуден өтуі жіті қадағаланады. Сондай-ақ сауда алаңдары аумағында POS-терминалдар мен кассалық аппараттардың болғаны жөн. Ал жоғарыда айтқан жайма базарлар мұндай талаптарды сақтамайды.
Сонымен қатар базар басшылары модернизациялау жұмыстарына байланысты кейде көптеген түсініспеушіліктер, келіспеушіліктер де орын алатынын айтады.
– Айрықша айтып өтер жайт, модернизациялау бағаның өсуіне әсер етпейді. Негізгі мақсат – ыңғайлы жағдай жасау. Модернизациялау ең алдымен тұтынушы мен саудагерлерге тиімді. Барлық жағдай жасалады. Кассалық аппараттардың жұмысы, жалға алу келісімінің тұрақтылығы, одан бөлек көлік тұрағы мәселесі де шешіледі. Халық базарға барғанда батпақ кешіп, үсті-басы малмандай су болып, әуре-сарсаңға түспеуі тиіс. Соған сәйкес бүгінде базарымызда жаңғырту жұмыстары басталып кетті.
Шынын айтсақ, базарда сауда жасайтындардың көбі – әлеуметтік жағдайы төмен адамдар. Сұрасаңыз бәрінің бір емес, бірнеше несиесі бар. Ешкім еріккеннен күннің аптап ыстығында, қақаған суықта сауда жасап тұрмайды. Саудагерлерге бір күнді саудасыз бос өткізуге болмайды. Базар арқылы нәпақа тауып, балаларын асырап, үйінің ипотекасын төлеп, несиесін жауып, сатуға алған дүниесінің қарызын жауып отыр. Сондықтан көп жағдайда келіспеушіліктер орын алады. Мәселен кілем мен киім секторында жаңғыртуды бастап кеттік. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде бірқатар қиындықтар туындап жатты. Өйткені құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында кейбір сауда нүктелерін жаба тұруға тура келеді.
Жалпы, базарларды модернизаиялау, тұтынушыларға заманға сай қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта да жаңғырту жұмыстары жанданатын болады.
Эльмира Байназарова