Жұмыскердің құқығы: нені білу керек?
Елімізде бейресми жұмыс істейтін азаматтар аз емес. Ондайда еңбек шарты жасалмайды, ал жалақы қолма-қол беріледі. Ол ақшадан салық та, зейнетақы мен сақтандыру жарналары да төленбейді. Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған бейресми жұмысшыға айлық та кейде кешіктіріліп берілуі мүмкін. Жұмысшылардың ақысын алмай кететін кездер де болады. Өйткені ресми еңбек шарты жасалмаған.
Қазақстанда жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын Еңбек кодексі бар. Осы құжаттың 22-бабында жұмыс берушінің нақты міндеттері көрсетілген. Олар: Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтау; жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасу; жұмыскерге еңбек шартында келісілген жұмысты ұсыну; жұмыскерге ұжымдық шарттарда көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеу мен жұмыскерлерге еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын жасау.
Еңбек шарты жазбаша түрде және кем дегенде екі данада жасалады. Біреуін жұмысшы алса, екіншісі жұмыс берушіде қалады. Еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жұмысшы өз қызметіне кірісе алады.Ал еңбек шартының болмауына немесе тиісті түрде ресімделмегеніне жұмыс беруші кінәлі болса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады. Ондай жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.Жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін айыппұл салынады. Мәселен, лауазымды тұлғаларға – 30 айлық есептiк көрсеткiш (110 760 теңге), шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта бизнеске – 80, ал ірі кәсіпкерлік нысандарға – 150 айлық есептiк көрсеткiш.
Жалақы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі шарт. Осы талапты бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған. Оның көлемі еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін төленетін айыппұлмен бірдей. Бірақ орта бизнеске сәл көбірек шығын шығаруға тура келеді. Айыппұл көлемі 369 200 теңгені құрайды.Бұдан бөлек, заң бойынша еңбек шарты жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылса, бұрынғы жұмыскер еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айырылмайды. Сол сияқты еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат бар. Бірақ одан да жас балалар еңбек шартына отыра алады. сонымен қатар орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен; оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен; кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шартына отыруға болады.
Бірақ еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюы тиіс.Еңбек шартының мазмұнына келсек, екі жақты жеке мәліметтері міндетті түрде жазылады. Соның ішінде аты-жөні, мекенжайы, жеке сәйкестендiру нөмiрi бар. Бұдан бөлек, міндетті түрде көрсетілетін мәліметтер бар. Ал жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер де жазылады. Мүгедектігі бар адаммен жасалатын еңбек шартында жұмыс орнын оның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықтау жөніндегі талаптар қамтылуы тиіс. Тараптар еңбек шартына заңға қайшы келмейтін өзге де талаптарды енгізе алады.
Сондай-ақ, қызметкерлер жыл сайын еңбек демалысын алуға құқылы. Демалыстың мұндай түрі жұмыс істейтін барлық азаматтарға беріледі, ал әлеуметтік демалыс тек заң бойынша ғана беріледі. Демалыс беру, оны кейінге қалдыру және жұмыскерді демалыстан шақыртып алу жұмыс берушінің бұйрығымен бекітіледі. Десе де қызметкерді еңбек демалысынан кері жұмысқа шақырып алу үшін ол жазбаша түрде келісім беруі керек.Егер жұмыс беруші еңбек демалысынан кері шақыртып алған жағдайда жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігін еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша сол жұмыс жылы ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі.
Сонымен қатар еңбек демалысының қалған бөлігін келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосып алуға да болады.Егер қызметкер қайта еңбек демалысына шыққысы келмеген жағдайда пайдаланылмаған бөлігінің күндерін өтемақымен алмастыруға болады.Атап өтерлігі, жұмыс орны 18 жасқа толмаған жұмыскерді, жүктілігі туралы анықтаманы жұмыс берушіге берген жүкті әйелдерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуына рұқсат етілмейді.Ал жұмысшының еңбек құқығы бұзылған жағдайда жергілікті жердегі еңбек инспекциясына шағым түсіруге болады.
Аяулым БОЛАТҚЫЗЫ