Білім

Грантқа әркімнің - ақ бар таласы...

Мемлекеттік білім гранттары жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін маңызды қолдау. Жалпы грант ең үздік түлектерге тегін білім алу құқығын беріп қана қоймай, білім беру саласындағы теңдікті қамтамасыз етеді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарын бөледі. Ал гранттар Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлерге беріледі. Әр жыл сайын экономиканың қажеттіліктеріне және қоғамдағы сұраныстарға сәйкес гранттар саны мен бөліну тәртібі өзгеріп отырады.Гранттар техникалық, гуманитарлық, медициналық және басқа да салалар бойынша бөлінеді.

Оқуға түсу үшін үміткерлер ҰБТ-да жоғары балл жинап қана қоймай, таңдаған мамандығы бойынша білімі мен қабілетін дәлелдеуі тиіс. Мемлекеттік гранттар Қазақстанның үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді және білім алу шығындарын толығымен өтейді.2024 жылы бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай биыл әсіресе техникалық бағыттарға аса назар аударылуда. Осыған орай, барлық гранттың 60 пайызы, яғни жартысынан көбі техникалық мамандықтарға бөлінініпті. 


Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. 2024 жылы жалпы грант санының 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінді.Мемлекеттік гранттардан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен де білім беру гранттары тағайындалады. Әкім гранты көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, сондай-ақ ауылдық жерлердің талантты жастарына арналған.


Жергілікті бюджет қаражаты есебінен тағайындалатын білім беру гранттары әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған және аймақтық дамуды қолдауға үлес қосады. Бұл гранттар көбінесе өңірлік университеттерді немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуды қамтиды. Кейбір жағдайларда әкімдіктер шетелдік оқу орындарында білім алуға да қолдау көрсетеді.М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне 2024-2025 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру мақсатында қабылдау комиссиясы өз жұмысын 20 маусымнан бастаған.

Ал Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбековтың айтуынша, оқу орнына биыл 1 100 түлек құжат тапсырған. Олардың ішінде 90 талапкер мемлекеттік білім беру грантын иеленген.

– Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты білім беру гранттары арқылы мамандар даярлайды.Біріншіден, республикалық жалпы конкурс нәтижесімен институттың барлық білім бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар беріледі.Екіншіден, барлық әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауылшаруашылығының жағдайына, осы саланың мамандарының сапасына, аграрлық ғылымның дамып, жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты. Сондықтан біздің институтқа биылғы жылы «Ветеринария» және «Өсімдік шаруашылығы» (агрономия) білім бағдарламалары бойынша арнайы квотамен 40 мақсатты мемлекеттік грант бөлінді.
Үшіншіден, жергілікті бюджеттен де біздің өңірге қажетті мамандықтар бойынша гранттар қарастырылған.

Мемлекеттік және облыс әкімінің гранттары жастарға білім алуға үлкен мүмкіндік беріп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосуына жол ашады. Сондықтан түлектерге өз білімдерін шыңдап, мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға шақырамыз. Қазақстанның білім беру жүйесі жастардың болашағы үшін жұмыс істеп, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

 Айжан ӨЗБЕКОВА