Талапты ұстаздың шәкірті талантты
Бүгінгі мектеп оқушылары – ертеңгі кәсіби білікті маман, еліміздің болашақ тірегі. Жаңа заман ұрпақтарын тәрбиелеу мен оқыту біздің еншімізде болғандықтан, барынша тырысып, ел сенімін ақтайтын ұлтжанды шәкірт тәрбиелеуге күш салудамыз. Өз кезегінде шәкірттеріміз үмітімізді, сенімімізді ақтап, тек жақсы жақтарынан ғана көрініп, білім бәсекелерінде биіктен көрініп жатса, біз үшін одан артық мәртебе жоқ.
Жуырда мектебіміздің мақтанышы, болашағынан үлкен үміт күтетін оқушымыздың бірі Сымбат Бисенбай ұстаздарының, ауданымыздың абыройын асқақтатып республикалық «Мағжан оқулары» байқауында топ жарды.Сымбат өзіне артылған сенімді ақтау үшін үздіксіз дайындалды.
Бірнеше рет қатысып, жұлдесіз қайтса да, сағы сынбады, тек алға ұмтылды. Қайтпас қайсарлығының нәтижесінде Мағжан ақынның 200 өлеңі мен 1 поэмасын жатқа оқып, көрермендер мен төрешілердің таңдайын қақтырды.
Мағжан ақынның кереметтей жырларын жаттап, жүрегіне тоқи білген Сымбат оқушымыз білімнің биік шыңын бағындырып, болашақта қазақ тілінің жанашыры, ел мақтанышы болатынына сеніммен қараймыз.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып, алысқа қол сермесе, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игерсе, келешектің кілті өз қолымызда болары хақ.
Гүлсанат СЕЙТБАЕВА,
Максим Горький атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Т.Рысқұлов ауданы