Спорт

«Әлі де еліме жарқын жеңістер сыйлаймын»

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен спортшының жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

БАҚ өкілдері чемпионның жеке өмірі, отбасы және болашақтағы жоспарлары туралы сауалдарын қойды. Журналист Ардана Жарылқасын жанкүйерлер аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, ерекше сән-салтанатпен күтіп алғанда қандай сезімде болғанын сұрады. 

Ал журналист Назерке Шайзадаева спортшының алдағы жоспарлары туралы, яғни спорттық мансабын қанша жасқа дейін жалғастыру ойында бар екенін сұраса, «Orda kz» сайтының меншікті тілшісі Исламбек Дастан спорт федерациясын басқару туралы ұсынысқа байланысты пікірін сұрады.

«Jambylinfo.kz» сайтының тілшісі Мағжан Орынбасардың әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен сұрағына қатысты да бүкпесіз жауап берді. 


Сұрақ-жауап барысында Елдос Сметов Олимпиаданың қуаныш пен көңілге мұң ұялататын сәттері көп дода екенін, спорттың әлемді біріктіретінін, достықты нығайтатынын атап өтті. 
Спорт ұлтты ұлықтайтын жалғыз фактор емес. Ұлтты ұлы қылатын мықты экономика, дамыған ғылым мен білім, озық технология, мықты медицина және адам капиталы. Осы факторлар бір жерде тоғысқанда спорт та дамитынын тілге тиек етті. 

– Олимпиада ойындары ғажап сәттерге толы болды. Осы орайда ерекше естеліктермен бөліскім келіп отыр. Спорттық гимнастикадан америкалық Симона Байлз бразилиялық Ребека Андраденің алдын үш рет орап, алтын алып кетіп жүрді. Ребека үш рет күміс медальды місе тұтып жүрді. Париждегі Олимпиадада Ребеканың арманы орындалып, еркін жаттығуда алтын алды. Керісінше Симона Байлз күміс жүлде иеленеді. Марапаттау рәсімінде Симона Ребекаға иіліп, құрмет көрсетті. 

Брифинг соңында журналистер Париж төрінде алты Алаштың абыройын асқақтатқан Елдос Сметовпен естелік суретке түсті.

Эльмира Байназарова