Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке құландықтар құрмет көрсетті

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов туған жері Т. Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, жерлестерінің зор құрметі мен қошеметіне бөленді, деп хабарайды arainfo.kz

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов туған жері Т. Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, жерлестерінің зор құрметі мен қошеметіне бөленді.

Аудан жұртшылығы спорт саңлағын Құлан ауылының батыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Қонақтардың құрметіне ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық нақышта киінген қыздар дәм ұсынды. М. Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары құландықтардың әнұранына айналған — «Келші, Құланға» әнін әуелете шырқады.

Олимпиада чемпионын қарсы алу рәсімі көліктердің салтанатты шеруіне ұласты. Ауылдың атқа мінген жастары бұл бастаманың ортасынан табылып, шерудің ажарын ашты.

Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында жалғасты. Мұнда 2 мыңнан астам аудан тұрғыны Елдос Сметовті ыстық ықылас, зор қуанышпен күтіп алды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтау сөз сөйледі. Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке жерлестерінің атынан автокөлік мінгізіп (Haval М6), спортшының ата-анасы мен жеке бапкеріне құрмет көрсетті.

Елдос Сметов бұл сыйлықты алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға тарту етіп, ұстазына алғысын білдірді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Олимпиада чемпионы мен жиналған қауымға ақ батасын берді. Мәдениет қызметкері Қайрат Байсариев арнау айтып, мереке көркін қыздыра түсті.

Кеш барысында Т. Рысқұлов ауданының бір топ спорт майталмандары мен жанашырлары Елдос Сметовті айтулы жеңісімен құттықтаса, Қойшымановтар әулеті асыл тұқымды жылқы сыйлады.

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов сөз алып, құландықтардың зор құрметіне алғыс білдірді.

Кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл кеште әнші Нұрислам Сәменқұловтың «Біздің Елдос» атты туындысының тұсауы кесілді.

Еске сала кетейік, Елдос Сметов Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрініп, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Татами шебері 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылы Токиода өткен төртжылдықтың басты додасында қола медальді еншіледі.