Елдос Сметов – туған жер төрінде
Т.Рысқұлов ауданын Олимпиада чемпиондарының шеберханасы десек болады. Төртжылдықтың басты додасында топ жарған оғландардың көбі қасиетті Құлан жерінде дүние есігін ашқанын жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Олимпиада ойындарында облысымыздың спортшылары барлығы 11 жүлдеге қол жеткізсе, ұлттық құрама қоржынына 7 медальді осы ауданның саңлақтары салған. Тіпті бұл өңірдің спорттағы даңқын Абсенттің өзі төске өрлеткеніне тарих куә. Кеше құландықтар Олимп шыңын бағындырған тағы бір перзентін құшағына басты.
Париж Олимпиадасында атой салып, алтыннан алқа тағынған дзюдошы Елдос Сметов кеше туған жері Т.Рысқұлов ауданына арнайы барып, жерлестерімен кездесті. Аудан орталығының батыс қақпасынан чемпионды күтіп алуға Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар, спорт жанкүйерлері, белсенді жастар қатысты.Олимпиада чемпионы көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Ұлттық дәм ұсынып, қазақтың ұлттық дәстүрі «Асату» рәсімін жасады. Қариялар татами тарланбозына батасын берді. Ақ тілекке жиналған жұрт та қолдарын жайып, іштерінен «Әумин» десті.Мұнан соң аудан әкімдігінің қолдауымен Құлан ауылының орталық алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылды.Салтанатты іс-шарада Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов сөз алып, Елдос Сметовке құттықтауын арнап, ізгі тілегін жеткізді.
– Ер Елдостың ел тарихын жаңартқан жеңісі бірінші ата-анасының тәрбиесі, екінші көптің тілегі, ақталған үміті деп білеміз. Әрине, бұл жеңіс ұзақ жылғы маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі. Барша аудан жұртшылығының батыр тұлғаны тәрбиелеп, өсірген ата-анасына алғысы мен құрметі шексіз. Сонымен қатар, өнегелі ұрпақты шар болаттай шыңдап, жарқын жетістіктерге жетуіне себепкер болған жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевке алғыс білдіреміз, – дей келе аудан әкімі Франция төрінде Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке соңғы үлгідегі «HAVAL M6» автокөлігінің кілтін табыстады.Өз кезегінде Елдос Сметов сән-салтанатымен күтіп алған халыққа ризашылығын білдірді.
– Жақсылық Үшкемпіров атамыз Олимпиада чемпионы атанғалы да 44 жыл өтіпті. Ұзақ жылдардан кейін атамыздың ізін жалғап, ізбасары, Т.Рысқұлов ауданының тумасы чемпион атанғанына өте қуаныштымын. Құрмет көрсеткен аудан әкіміне, тұрғындарға айтар алғысым шексіз.Осы орайда спортқа деген махаббатымды оятып, үлкен жеңістерге жол салып берген ең алғашқы бапкерім Ахмет ағайыма да ризашылығымды білдіргім келеді. Нағыз Олимпиада чемпионы – алғашқы бапкерім Ахмет Жұмағұлов, – деген Елдос Сметов алғашқы бапкеріне аудан әкімдігі сыйлаған «Haval» көлігінің сыйға берді.Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та спорт саңлағына халық алдында батасын берді.
Мерекелік концерт соңында ұлттық спорт жанашыры Елдос Сметовке ат мінгізді.Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, күмбірлеген күй ойнап, ару қыздар мың бұрала би биледі.
Аяулым Жаманқара