Талас құрылтайы туралы не білеміз?
1269 жылы Талас өлкесіндегі Шаруашылық-Кенджак қаласында өткен Талас құрылтайы – болашақтағы Қазақ хандығының негізін қалауға алғышарт жасады. Талас құрылтайын өткізудегі негізгі себеп, Шыңғыс ұрпақтары жарты әлемді жаулап алған соң Қарақорымда отырып Моңғол империясын басқарудың мүмкін еместігін түсінді. Өйткені басып алған елдерінің экономикалық-әлеуметтік, саяси жағдайлары әркелкі болатын.
Шыңғыс хан 1223 жылдың күзінде Шу аяғындағы Құланбасыға келіп тоқтап, 4 ұлын шақырып алып, ұзақ қысты бірге өткізді. Өз-өздері болып оңаша қалған ұзақ түндерде Шыңғыс хан бір шетінен бір шетіне бір жыл жүретін ұлы империяны шашау шығармай бір уыста қалай ұстап тұру керектігі туралы өсиеттерін айтып, ұлдарына еншілерін атады. Жошыға Дешті Қыпшақты сыйлады.Сонымен Шыңғыс хан ұрпақтарының басшылығымен Дешті Қыпшақта жаңа мемлекеттік құрылым 1223 жылдың күзінде пайда болды. Жаңа хандық «Жошы ұлысы» деп аталды. Бұдан былайғы жерде Дешті Қыпшақ жасақтарының алыс-жақын елдерге жеңісті жорықтары «Жошы ұлысы» туының астында өтті.
Бұл күндері Ұлытаудағы Жошының кесенесі көп жайды аңғартады. Жошы ұлысының құрылуымен Қазақ мемлекетінің негізі қаланды, содан бері 800 жыл өтті дейтініміз сол себепті болса керек.Олай болса 1269 жылғы Талас құрылтайына алғышарт жасаған нендей жағдай еді? 1251 жылы Қарақорым құрылтайында қабылданған шешімдер және одан кейінгі өрбіген саяси оқиғалардың барысы қағанның ұрпақтарының саяси билікке таласуы бірден-бір негіз болғанға ұқсайды. Қарақорым құрылтайында Жошы мен Төле ұрпақтарының билігі заңдастырылып, қалған екі ортаншы ұлы Шағатай мен Үгедейдің биліктеріне қысым жасалды. Сондықтан Шағатай мен Үгедейдің Қарақорым құрылтайының шешіміне риза болмай, теріс айналуынан империяның ыдырауы басталды. Ақырында ханның ұрпақтары өзара келісімге келіп, 1268 жылы Самарқандта өткізілген құрылтайда келесі жылы Талас өзенінің бойында жаңа құрылтай өткізуге уағдаласады.
Екі жақ өзара пікір алмаса отырып бір шешімге келеді. Мәуереннахрдың үштен екісі – Бараққа, ал үштен бірі Хайду мен Меңгу Темірге тиесілі болуға тиіс. Мұндай шешім тез арада Жошы ұлысының ханы Меңгу Темірге жеткізіледі. Меңгу Темір хан бұл шешімге қолдау көрсетеді. Саяси мәселе бойынша тағы бір шешім қабылданады. Яғни сол жылдың көктемінде Барақ Әмударияның арғы бетіне өтіп, Құлағу ханның иелігіндегі жердің бір бөлігін басып алып, ол жерді өз үлесіне қосуға тиіс. Бұл шешімге Барақ хан келіседі.Осылайша, Талас құрылтайы бұрынғы Шағатай ұлысының территориясында жеке мемлекеттің – Хайду мемлекетінің құрылғанын жариялап, заңдастырады. Жаңа мемлекеттің аумағы ХІV ғасырдың басына дейін Сыр бойының, Жетісудың және Мәуереннахр аумағының бір бөлігін қамтыды.
Сонымен бірге құрылтайдағы ең негізгі саяси мәселе талқыланып, ортақ шешім қабылданады. 1251-1269 жылдар аралығындағы күрестер барысында қалыптасқан саяси территориялар Жошы, Шағатай және Үгедей ұрпақтары арасында мақұлданады. Яғни қабылданған шешім бойынша «бүгіннен бастап өткенді еске алмайық, жайлау мен қыстау үшін жұртты әділдікпен бөлісейік» деп келіседі.Талас құрылтайы Шыңғыс ханның үлкен үш ұлы – Жошы, Шағатай және Үгедей ұрпақтарының қатысуымен өткендіктен, бүкілимпериялық құрылтай деуге болады. Сондай-ақ Төле ұрпақтарынан басқа Шыңғыс ұрпақтарының беделді өкілдері қатысып, сол жылғы қалыптасқан саяси территорияларды мақұлдауы 1269 жылғы Талас құрылтайы Моңғол империясының ыдырағанын іс жүзінде заңдастырды деп есептейміз.
Осылайша, Талас құрылтайы Моңғол империясының орнында бес мемлекеттің – Дешті Қыпшақ аумағында (Жошы ұлысының) – Алтын Орданың, Иранда – Құлағу мемлекетінің (Елхандар мемлекеті), Қытайда – Құбылай мемлекетінің, Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанның басым бөлігінде – Шағатай әулеті мемлекетінің және Үгедей ұрпағы – Хайду мемлекетінің Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанның қалған бөлігінде құрылғанын заңдастырады. 1269 жылғы Талас құрылтайы осындай маңызды шешіммен тарихта қалды.Сөйтіп, жаңа саяси статусқа ие болған Алтын Орда болашақта Жошы ұрпақтарының билігімен кешегі Түрік қағанатының жалғасы іспетті тарих сахнасына шықты. Сондықтан да тарихшылар Жошы ұлысының негізінде пайда болған бұл Орданы қазақ мемлекетінің негізін қалауға мүмкіндік берді деп санайды. Және де Жошыны қазақ хандарының атасы ретінде ұлықтайды. Өйткені бұл мемлекеттің территориясы, тілі, діні, ділі ортақ еді.
Алтын Орда мемлекеті екі ғасырға жуық өмір сүріп, 1465 жылы Қазақ хандығы салтанат құрды. Хандықтың негізінде Алтын Орданың иелігіндегі жердің қалуы – бұл мемлекеттің бірден-бір мирасқоры – Қазақ мемлекеті екендігіне күмән келтірмейді.Ал Шаруашылық-Кенджак қаласының тарихына оралсақ Талас ауданының Шәкіров ауылының солтүстігінде он шақырым жерде жатыр. Қаланың VI-XIII ғасырда дәуірлегені жайлы араб жиһангездері жазып қалдырған. Кенджактың төңірегі күні кешеге дейін көкке малынып тұрды. Шаруашылық атауы Кеңес үкіметі кезінде таңылған болса керек.Қалашықтың орнына қазба жұмыстары толық жүргізілмеген. Осыдан төрт жыл бұрын археологтар зерттеуге ниет білдіргенін білемін. Бірақ қаражаттың тапшылығынан жүзеге аспай қалды. Қалашықтың маңайында да бірнеше ортағасырлық бекіністердің, қорғандардың орындары бар. Айналып келгенде Қазақ мемлекеті үшін ұлы шешім қабылданған, Талас құрылтайы өткен сол жерге арнайы белгі қойса, тарихымызды тану үшін бірден-бір шешім болар еді деп ойлаймын.
Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР үздік өлкетанушысы