Руханият

Қолбасшылық құрамы толықты

Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына әскери міндетін өтеуге Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған жауынгерлер қызметке келді. Офицерлерді аталмыш қолбасшылық салтанатты жағдайда қарсы алды. Жаңа офицерлерді қарсы алу жылдар бойы жалғасып келе жатқан, дәстүрге айналған әскери рәсімдердің бірі.

Ұлттық қорғаныс университетінде білім алған сарбаздарды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев арнайы күтіп алды. Қолбасшы офицерлерді қуанышты сәтімен құттықтай отырып алда қиын, бірақ өте қызықты әрі қызу жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.

Офицерлердің кейбірі бұрын оңтүстік өңірде қызмет атқарса, енді бірі аймаққа жаңадан келген. Сондықтан оларға жаңа қызмет орнына бейімделуге біршама уақыт керек. Дегенмен, тұтастай алғанда ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери басшылықтың ұстанымдары, әдістері мен тәсілдері бір болғандықтан, офицерлердің жаңа жағдайларға үйренісуі қиынға соқпайды.Қызмет ете жүріп білім алған әскери қызметкерлерді оқыту бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Негізгі әскери білім алғаннан кейін жедел-тактикалық деңгейдегі жоғары оқу орындарының түлектеріне лейтенант шені беріледі.

Бұл – офицерлік мансаптың бастамасы.Мұнан соң лауазымын жоғарылатуды көздеген офицерлер әскери университетке немесе академияға түсіп, оқудан кейін жедел-стратегиялық деңгейде басшылық қызметтерді атқара алады.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, әскерлер штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаевтың айтуынша, Қарулы Күштер сапында әскери мансабын жоғарылатуға ниет танытатын офицерлер аз емес. 


Офицерлер мен келісімшарт бойынша сарбаздар жаңа офицерлерді жылы қарсы алып қана қоймай, оңтүстіктегі қызмет олардың әскери мансабының одан әрі өсуіне жақсы негіз болатынына сенім білдірді.

Ақтоты Жаңабай