Кәсіптік оқытудың қайыры көп
Халықтың әлеуметтік ахуалы тұрақты жұмыспен және табыстың артуымен өлшенеді. Дегенмен мұндай өлшемді бағамдайтын статистикалық мәліметтің нақты деректен алшақтығы жер мен көктей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында «цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді» деп атап өткен де еді. Ендеше, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асатын қысқамерзімді кәсіптік оқыту, түрлі әлеуметтік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын білу мақсатында облыстық қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге біз де мониторинг жасаған едік...
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде еліміздің әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Азық-түлік бағасының күн санап өсуі, ал жалақының бір орында тұрақтап қалуы, сондай-ақ қоғам арасында жұмыссыздықтың артуы – мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе. Тұрақты жұмыстың жоқтығы әлеуметтік ахуалдың төмен деңгейін көрсетеді. Ал біркүндік күнкөрістің қамымен жүрген отбасылардың саны қаншама? Несиесі де басынан асып, тығырыққа тіреліп, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтардың саны да азаяр емес.
Бұл тұрғыда табысты қоғам құрудың алғашқы қадамы – кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан басталады.«Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр.Бұл – əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек.
Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет» деген болатын Мемлекет басшысы.Үкіметке берілген тапсырма әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуды талап етеді.Бұл мәселе біздің аймаққа да қатысты. Жалпы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін бос сөз бен статистикалық мәліметтің аздық ететініне көпшіліктің көзі әбден жетті. Елімізде жұмыссыздық деңгейі бүгінде 4,7 пайызды құрайды. Ал облыс орталығы Тараз қаласының өзінде 6 797 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, еңбек нарығының негізгі міндеті – басымдығы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру болып табылатын бәсекеге қабілетті, болжамды және бейімделгіш нарық қалыптастыру.Еңбек нарығын сапалы жұмыспен қамтуға бағдарлау өнеркәсіптік кәсіпорындарды автоматтандыру мен цифрландыру жөніндегі шараларды, шағын және орта бизнесті әділ қолдаумен және білім беру жүйесінің парадигмасын қайта қараумен бірге еңбек өнімділігін арттыруды, азаматтарды әлеуметтік қорғауды, сондай-ақ теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз етеді.
Бұл ретте «сапалы жұмыс орны» ұғымы тұрақты жұмыспен қамтумен, яғни жұмыскер еңбек қызметін 6 айдан және одан көп мерзімде жүзеге асыруымен сипатталады. Сондай-ақ, еңбекақы төлеу деңгейі өңірдегі медиандық жалақыға тең немесе одан артық болуы керек. Экономикада туындаған күйзелістерді сіңіру үшін өңірлердегі медиандық жалақы әр 6 ай сайын қайта қаралуға тиіс.Сапалы жұмыс орнын құру үшін жұмыскерді әлеуметтік қорғау пакетімен қамтамасыз ету де маңызды.
Атап айтқанда, ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және мемлекеттік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың болуы, ақылы демалыстың төленуі де есепке алынады.Жұмыс ортасының да қауіпсіз болуы үлкен рөл атқарады. Яғни кәсіпорындағы жұмыс ортасының қауіпсіздігін бағалау үшін осы саладағы жұмыс орындарына қатысты өндірістік жарақаттар мен өлім-жітім санын салыстыру әдістемесі қолданылады.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету қызмет бағыттары бойынша жұмыс атқарады. Облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес шілде-тамыз айларында аталған басқарманың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына, халықты жұмыспен қамту саласына қатысты жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, биыл Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 33 963 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Бұл жылдық жоспардың 56 пайызын құрайды.Осы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46 943 орын болып белгіленіп, биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша 26 867 адам жұмысқа тұрған. Ал жоспардың орындалуы 57,2 пайызды құрайды.Тұрақты жұмыс орындарының жоспары 31 746 орын болса, орналасқаны 13 507 адам немесе жоспардың 42,5 пайызы орындалды.
Жалпы бұл бағыттарда қала мен аудандардағы көрсеткіштер межеленген жоспарға сәйкес орындалуда. Жыл соңына дейін межелерге қол жеткізіледі.Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» мақсатында 14 331 жұмыс орнын ашу жоспарланып, есепті кезеңге 4 947 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 34,5 пайызға орындалды. Алайда облыста төмен көрсеткіштер көрсеткен аудандар да бар.
Талас ауданында жоспар – 17,6 пайыз, Т.Рысқұлов ауданында – 30,7 пайыз, Тараз қаласында – 31,7 пайыз.Биыл облыстық бюджеттен 401,2 миллион теңге қаралып, 1 291 жұмыссызды кәсіптік оқытумен қамту жоспарланған. Жұмыс берушінің сұранысымен 841 адам, жұмыс берушінің жұмыс орнында 268, ал онлайн 2 813 адам білім алуда.Өңірлік комиссия отырысының шешімімен кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету үшін бір адамға курс құны 39 518 теңгені құрайды. Есепті кезеңде оқудан 1 109 тұрғын өткен. Оқыту курстары жыл соңына дейін көзделген. Ал облыстың даму жоспары аясында тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші жыл қорытындысымен 63 пайыздан төмен болмауы қажет.
Биыл кәсіптік оқыту сәуір-мамыр айында басталған. Оқу курсының мерзімі 1-3 айды құрайды. Оқуды аяқтаған азаматтар 1 айда жұмысқа орналасқаннан кейін 3 айдан соң олардың жұмысқа орналасқаны жайлы зейнетақы жарналары арқылы жұмысқа орналасқандығы бақыланады.Оқытудан өткен тыңдаушылардың жұмысқа орналасу деңгейі тамыз-қыркүйек айынан бастап қаралатын болады. Өткен жылы осы бағытта 362 миллион теңге қаралып, 1 165 адам оқытылды. Оның 1 065-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал тұрақты жұмысқа орналаспаған 100 азаматпен жұмыс жүргізілуде.
– Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес кәсіптік оқыту жөніндегі қызметтер мемлекеттік білім беру тапсырысы болып табылады және білім беру ұйымдарында, қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілер жанындағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Осы мақсатта 1 291 жұмыссызды кәсіптік оқытумен қамтуға облыстық бюджеттен 401,2 миллион теңге қарастырылса, ал жұмыс берушілердің сұратуы бойынша аудандар мен Тараз қаласынан кәсіптік оқытуға жылдық жоспар 903 адамды құрайды. Оқытуға жолданғандар саны – 800. Тараз қаласы бойынша 3 айлық кәсіптік оқытуға 225 адам, ал 2 айлық жұмыс орнында оқытуға 65 жұмыссыз жолданған.
Кәсіптік оқуларға жолданған жалпы 290 азамат 3 айлық оқу курсын 30 қыркүйекте, ал 2 айлық курс бойынша білім алған білімгерлер оқуын 29 тамызда аяқтайды. Мамандардың айтуынша, барлық білімгерлер тұрақты жұмыспен 100 пайыз қамтылады.Кәсіптік оқытудың игілігін көрген білімгерлер де курстың жұмыссыз азаматтар үшін тиімді екенін жеткізді.
Кәсіптік оқудың тағы бір ерекшелігі – кез келген мамандық иесі атана аласыз. Егер массаж маманы болғыңыз келсе массажды оқуға болады, сән салонында жұмыс істегіңіз келсе, сәнге қатысты мамандықты таңдай аласыз. Сондай-ақ, ауылшаруашылығына қатысты мамандықтарды да игеруге болады.
Айта кету керек, кәсіптік оқытудың барлығында әрбір білімгерге шәкіртақы қарастырылған. Қысқамерзімді 3 айлық оқу курсынан өтетін жұмыссыздарға 32 681 теңге шәкіртақы төленеді. 2 айлық оқу курсы үшін жұмыссыздарға төленетін шәкіртақы көлемі 73840 теңгені құрайды.Жас болсын, жасамыс болсын тіршілік үшін тырмысады. Жан бақсам, отбасы, бала-шаға асырасам дейді. Ендігі кезекте, жұмыссыздық мәселесі келелі бағдарлама арқылы шешілсе екен деген тілегіміз бар. Әр қазақстандық лайықты жұмыс орнында істеуге, тұрақты табыспен қамтылуға, жақсы тұрмыста өмір сүруге лайықты!
Аяулым Жаманқара