Цифрлық Қазақстан

«Цифрлық нотариат» жаңа мүмкіндікке жол ашады

Қазақстанда «Цифрлық нотариат» жобасы енгізіліп, азаматтар мен бизнес саласына жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл – Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен жобасы. Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық форматқа аударған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі. Бүгінгі таңда сенімхаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада онлайн режимде қолжетімді.

«Цифрлық нотариат» – бұл нотариалдық қызметтерді электрондық форматта көрсету жүйесі. Бұл жүйе арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар нотариалдық қызметтерді нотариус кеңсесіне бармай-ақ қашықтан ала алады. «Цифрлық нотариаттың» басты мақсаты – қызмет көрсету процесін жеңілдету арқылы уақытты үнемдеу.Жобаның бірнеше маңызды артықшылығы бар. Оның біріншісі – қолжетімділік. Ол дегеніміз, цифрлық нотариат арқылы қызметтерді алу географиялық шектеулерді жояды. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін өте ыңғайлы. Келесі артықшылығы – қауіпсіздік. Электрондық цифрлық қолтаңба және басқа да қауіпсіздік шаралары арқылы құжаттардың түпнұсқалылығын қамтамасыз етуге болады. Және цифрлық форматта жұмыс істеу қағаз құжаттарды сақтау және өңдеу қажеттілігін азайтады.Әділет министрі Азамат Есқараев жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің «цифрлық» бастамалары шеңберінде (оның ішінде «Digital Justice» жобалар портфелі аясында) Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп іске асырғанын атап өтті.


Цифрлық нотариатты пайдалану үшін азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаға ие болуы қажет. Электрондық цифрлық қолтаңбаны алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе egov.kz порталында өтініш беру керек. Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы азаматтар нотариалдық қызметтерді онлайн режимде ала алады.

 


Әділет министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп eGov Mobile Business қосымшасында заңды тұлғалар үшін онлайн сенімхаттар жобасын іске асыру бойынша жұмысты жүргізуде.Енді заңды тұлғалардың басшыларына өз қызметкерлеріне сенімхаттарды онлайн түрде беруге мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде мұндай сенімхаттар талап етілген жерде көрсету үшін «Цифрлық сенімхаттар» сервисінде қолжетімді болады. Ол үшін заңды тұлғаның басшысы «Заңды тұлғалардың сенімхаттары» бөлімінде «eGov Mobile Bussiness» мобильдік қосымшасында авторизациядан өтуі және сенімхат формасының қажетті жолдарын толтыруы қажет. Электрондық-цифрлық қолтаңба қойылғаннан кейін сенімхат «Цифрлық құжаттар» сервисінде көрінеді және заңды тұлғаның басшысы мен сенімді тұлғаға қолжетімді болады.Болашақта цифрлық нотариатты одан әрі жетілдіру және дамыту жоспарлануда. Бұл елдегі нотариалдық қызметтердің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

А.Орынбасарқызы