Білім

«Болашақ» бағдарламасына бакалавриат қайта енгізілмек

Ілім-білімсіз ілгері жылжу мүмкін емес. Сондықтан да елімізде бұл салаға айрықша басымдық беріліп келеді. Тіпті, жастардың шетелдің маңдайалды университеттерінде оқуы үшін лайықты жағдай жасалуда. «Болашақ» бағдарламасы- осы сөзіміздің бір дәлелі.

Бүгінде үміткерлер «Болашақ» бағдарламасымен тек магистратура мен докторантурада оқи алады. Енді аталған бағдарламамен бакалавриат бойынша  да білім алуға мүмкіндік берілмек.Айта кету керек, бұрын «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатта оқуға мүмкіндік болған. Дейтұрғанмен, отандық университеттерді шетелден магистр және доктор дәрежесін алып келген сапалы мамандармен толықтыру мақсаты алға қойылып, бакалавриат бағдар-ламасы «Болашақтан» алынып тасталды.Оның үстіне әлі оң-солын танып білмеген жастардың бірден шекара асып кетуіне алаңдаушылықтың да арта түскені жасырын емес.Әйтсе де кейінгі уақытта «Болашақ» бағдарламасына қандай өзге-рістер қажеттігі туралы талқылауларда бакалавриатты қайтару жөнінде жиі айтылып жүрді. Көпшіліктің қызу талқысынан кейін 10 жылдан аса уақыт бұрын жабылған бакалавриат бағдарламасын қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған баспасөз жиынында аталған ведомство басшысы Саясат Нұрбек толығырақ айтып берді.


Жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа заңнамаға дәл осы бағдарламаға қатысты енгізген депутаттардың түзетулері туралы жазған болатын. Оның пікірінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер дайындалды.«2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 5 миллион теңгеге дейін бірреттік ақшалай сыйақы, еліміздің кез келген университетінде тегін оқуға гранттар алады. Ендігі ұсыныстар қандай? «Болашақ» бағдарламасын кеңейту. Біз республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын «Болашақпен» бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға мүмкіндік беретін нормаларды ұсындық. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистратура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша оқуға болады.


Осылайша «Болашақ» бағдарламасының аясы кеңейіп,  бакалавриатта оқуға жол ашылмақ. Бұл тұрғыда шарт пен талап қатаңдатылып, қауіпсіздікке баса назар аударылады. Қайткен күнде де бұл өзгеріс  жастардың қолдаудың жарасымды жалғасы екендігі сөзсіз.

Мөлдір Бақытқызы, 
Тараз қаласы