Спорт

Ержүрек Елдос, жарайсың!

Көз тігіп әлем үмітпен, Аламан жаққа қарайды. Арыла алмай күдіктен, Әртүрлі хабар тарайды.

Сүйінші жұртым, сүйінші,
Қуаныш жетті Парижден.
Жағдайын оның түсінші,
Естілді шаттық әр үйден.

Қуанып жүр ғой бәрі де,
Елдостың естіп ер ісін.
Жастармен қоса кәрі де,
Тойлайды бүгін жеңісін.

Асқақтап ән де айтылар,
Қандырып құлақ құрышын.
Күмбірлеп күй де тартылар,
Ашқандай жанның тынысын.

Биге де шығар көпшілік,
Атының басын жіберсін.
Осылай болса көп тірлік,
Ешкім де қарсы келмесін.

Жаттығу жасап терледі,
Қаншама жылдар өтсе де.
Биікке қарай өрледі,
Ұйқыдан маза кетсе де.

Мықтымен кілең тіресті,
Асырып жүріп айласын.
Жүрегі қалап күресті,
Осыны жастар ойласын.

Қола да алды белдесіп,
Көңілі бірақ қалмады.
Бапкермен ғана кеңесіп,
Күмістің жолын талдады.

Ерекше өзін баптады,
Алауын жағып намыстың.
Тәртіпті қатаң сақтады,
Жалауын ұстап жарыстың.

Талапқа ғана бағынып,
Қатардан әркез қалмадың.
Алтыннан алқа тағынып,
Жақсылық жолын жалғадың.

Тәуекел іске бас ұрған,
Шуағын шашқан арайсың.
Қазақтың даңқын асырған,
Ержүрек Елдос, жарайсың!

Ахметжан Қосақов, 
ардагер журналист,
ҚР еңбек сіңірген 
қайраткері