Жамбыл жаңалықтары

Алаш абыройын асқақтатқан азамат

Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының жалауы желбірегелі де он күннен асты. Дүбірлі додада спорт жанкүйерлері сүйінетін де, күйінетін де жағдайлар орын алуда. Байрақты бәсекедегі ең жарқын сәттердің бірі де бірегейі – дзюдошы Елдос Сметовтың қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атануы еді.

Апта басы әулиеаталықтар үшін көптен күткен қуанышты жаңалықпен басталды. Олимп шыңын бағындырып, қазақстандықтардың оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше толқыныспен шырқауына себепкер болған Елдос Сметов туған жеріне оралды. Ел мерейін асқақтатқан спортшыны жүздеген жамбылдық жанкүйер халықаралық «Алматы» әуежайынан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп, туған жері Әулиеата төріне салтанатпен сап түзеп алып келді.Ал шаһардың шығыс қақпасынан ел чемпионын күтіп алуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен спортшылар қауымы бастаған қалың көпшілік қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.Туған жерге табаны тиісімен халқының ыстық құшағына көмілген елдің еріне деген сүйіспеншілігі әр тұстан «Елдос!» деп ұрандатуынан-ақ байқалып тұрды. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев лебізін жеткізді. Тарихи алтын иегеріне ырысты елдің ақсақалдары да ақ батасын жаудырды. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Әбітайұлы ақжолтай тілегін арнай келе, өз сөзін:«Ұлысың қазақ елінің,Ел үшін көрмей сәт тыным.Жолымен Жақсылық ерімнің,Жарыстың алдың алтынын», деген жырмен түйіндеді.Бұдан соң төртжылдықтың басты додасында топ жарған жамбылдық жампоздың жеңісін ұлықтау мақсатында Жамбыл даңғылымен, Ы.Сүлейменов көшесінде шеру ұйымдастырылды.Мерейлі сәт Елдосқа арналған салтанатты іс-шарамен әрмен қарай жалғасты.

Тараз қаласындағы орталық стадионда Олимпиада чемпионының құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш ұйымдастырылды. Даңқты спортшыны көруге асыққан ағайынның қарасы қалың болды. Ауыл-аймақтан келген 15 мыңға жуық жамбылдық өз ұландарына қошемет білдіріп, құрмет көрсетті. Стадионның әр тұсынан «Елдос – чемпион» деп ұрандатқан көтеріңкі дауыстар үздіксіз естіліп жатты. Бір сәтте стадионның Төле би даңғылының бойындағы солтүстік қақпасынан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов кіріп келгенде жиналған жұрттың қошеметінен құлақ тұнды. Бұл – елім деген ерге көрсетілген шынайы құрметтің анық белгісі.Салтанатты сәтте ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді.

Бұдан кейін спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев сөз алып, қуаныштарын бөлісуге келген жамбылдықтарға алғысын білдірді.


«Ер кезегі үшке дейін» деген нақыл сөздің текке айтылмағанын дәлелдеген спортшы бұл жеңістің барша халыққа ортақ екенін айтты.


Әсерлі кеште облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оғланға су жаңа «Lexus LX 600» маркалы автокөлігі мен Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкеріне де «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік пен облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табысталды.Салтанатты іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Жамбылдықтардың қуанышын бөлісуге келген «Алашұлы» тобы, Серік Ибрагимов, Төреғали Төрәлі, Ернар Айдар, Аdam, Тұрар, Kalifarniya көпшілік алдында өнер көрсетіп, кештің шырайын кіргізе түсті.Жамбылдықтардың делебесін қоздырған іс-шара ғаламат отшашумен аяқталды.

Ақтоты Жаңабай

(Суреттерді түсірген Ю.Ким, А.Рысмахан, А.Қартабай)