Жаңалықтар

Ревматологиялық орталық ашылды

Қазіргі таңда ревматикалық кеселдер көкейкесті әлеуметтік мәселеге айналып келеді. Өткен жылы елімізде омыртқа, буын ауруларына душар болған 400 мыңнан аса науқас тіркелген, бұл көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 9 пайызға артқан. Өз кезегінде ДДҰ Жер шарындағы бүкіл халықтың 4 пайызы аутоиммунды дерттердің азабын тартып отырғанын дәйектесе, демек аталған кесел асқына келе осыншама адамды жасына жетпей арбаға таңып, еңбекке жарамсыз етеді деген сөз. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ревматикалық дерт «жасарып» келе жатқандықтан, бұл ғылыми тұрғыдағы кешенді қадамдарды талап етеді.

Елімізде бүгінде ревматологиялық науқастарға көмек көрсетуді жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жуырда Тараз қаласында ревматологиялық орталықтың ашылуы да осы бағытта қолға алынған жұмыстың жемісі.Облыстық көпбейінді аурухананың базасында орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологі, Қазақстан ревматология алқасының төрағасы Ғалымжан Асылбекұлы, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және сала ардагерлері қатысты. Жиынға қатысушылар өңір медицинасындағы оң өзгерістердің нәтижелі болатынына және халық денсаулығын жақсартуға орталықтың үлкен септігі тиетініне сенім білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.

– Буындардағы шеміршекаралық майдың таусылуы, сүйектердің қисық бітуі, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревмотологиялық аурулар түрлі буын сырқатына әкеліп соғады. Артық салмақ және жейтін ас, ішетін судың сапасыздығы да ауруға соқтырады. Мәселен остеоартроз, коксартроз, остеохондроз секілді аурулар кезінде адам жүре алмайды. Жамбас, тізе буындарындағы буынаралық шеміршек майы азайып, екі сүйек бір-біріне қажалады. Алғашқыда аздаған ауырсынуды адам елемей, жүре беруі мүмкін. Кейде ауыр жұмыс істегенде, көп жүргенде, бір жерде ұзақ отырғанда, баспалдақпен жоғары көтерілгенде адамның буын-буыны сырқырап, бел мен жамбас сүйектерінде ауырсынулар болады. Бірақ демалғаннан кейін ауырғаны басылады.


Орталықтың құрылымында консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған ревматолог кабинеті, гендік-инженерлік биологиялық терапия кабинеті, буынішілік манипуляциялар кабинеті, капилляроскопия, денситометрия орналасқан. Медициналық көмекті 4 дәрігер көрсетеді. Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емхананың жолдамасы бойынша ревматологиялық орталықта тексеру және емдеу тегін жүргізіледі.

Жалпы облыс бойынша ревматологиялық диагнозбен 4 825 науқас диспансерлік есепте тұрады.Өкінішке қарай қазіргі таңда елімізде аяқ-қолы қақсап ауыратын балалар көбейген. Буын ауруының балаларға жабысуына негізгі себеп – салқын тию. Жылуы жоқ киімнен өткен суық сүйекке жетіп, бұлшық еттердің шаншуына әкеліп соқтырады. Әбден асқынған ревмотизм салдарынан балдырғандардың кейбірі тіпті жүре де алмай қалады.

Сай-сүйегі сырқырап, сабағынан да біржолата қол үзгендері де жетеді.Енді аяғы қақсап, тізесі бастырмайтындар осы орталықтан ем ала алады. Ревматологиялық дертке шалдыққан жамбылдықтарға барынша жоғары және білікті медициналық көмек көрсетіледі. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.

 Эльмира Байназарова