Денсаулық

Өкпе обыры өршімесін десек...

Өкпе қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Сонымен қатар сүт безі қатерлі ісігінен кейін тұрған қауіпті кесел ғана емес, талай адамның өмірін бастапқыда біртіндеп, білдірмей жалмап жатқан дерт. Жалпы өкпе обырының өршуінің бір себебі – адамдардың скринингтен өтуге немқұрайды қарайтыны.

Осы орайда мемлекеттік онкология орталықтары қазақстандықтарды 1-3 тамыз аралығында өкпе обырының профилактикасына және ерте анықтауға арналған «Ашық есік» күндеріне шақырады. Іс-шара жыл сайын 1 тамызда аталып өтетін Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орайластырылған.«Ашық есік» күндері шеңберінде азаматтар мамандардың білікті консультациясын тегін ала алады және көрсетілімдер болған жағдайда өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан өтеді.Бұл қызметтер өкпе обырының ықтимал белгілерін ерте анықтауға және тұрақты тексерулердің маңыздылығы туралы халықтың хабардар болуын арттыруға бағытталған.

Өкпе обыры – Қазақстандағы ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Жыл сайын шамамен 3 500 жаңа жағдай анықталады.Аурудың негізгі себебі – темекі шегу. Бұл барлық жағдайдың шамамен 90 пайызын құрайды. Ауруды ерте анықтау сәтті емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Қазақстандық онкологтар 45 пен 69 жас аралығындағы темекі шегушілерге жыл сайын өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан өтуді ұсынады.

Егер бұрын болмаған шаршау, кеуде қуысындағы жайсыздық, физикалық белсенділікке төзімділіктің нашарлығы, тұрақты құрғақ жөтел, кеуде қуысының ауыруы, ентігу, кейбір жағдайларда қан түкіру кездессе тез арада дәрігерге көрінген жөн.Қабылдау 20 мемлекеттік онкология орталығында тегін өтеді. Алдын ала жазылу талап етілмейді. Жеке куәлік болса жеткілікті. Өкпе обыры жалпы онкологиядағы өзекті мәселелердің қатарында.

Бұл кеселдің қауіптілігі сонда, біріншіден өкпенің қатерлі ісігі тез өршиді, екіншіден өкпенің дамыған қан және лимфа тамырлары арқылы адамның басқа мүшелеріне метастаз береді. Сол сияқты дер кезінде емделмеген өкпенің созылмалы аурулары да осы дертке жетелейді. Оған қоса тыныс алып жатқан ауаның өндірістік қалдықтармен, қоршаған ортадағы канцерогендермен, түтінмен ластануы зиянды әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ өкпе обырында негізгі рөлді никотин алады. Осы мәселеге орай, жетекші онкологтер өкпе обырын асқындырмай анықтауда скрининг жасаудың қажеттілігі мен маңыздылығын тынбай алға тартуда. 

– Өкпе қатерлі ісігін бірінші сатысында анықтау деңгейі өте төмен. Бұл Қазақстанға ғана тән жағдай емес. Дамыған мемлекеттердің өзінде де бұл мәселе бар. Елімізде бұл 6 пайызды ғана құрайды. Еуропа елдерінде де – 6-7 пайыз. Ұлыбританияда – 8 пайыз. Тек төмендозалы КТ скринингі жүргізілетін АҚШ-та ғана бұл көрсеткіш 17-20 пайызға жетіп жығылады. Еліміздің өңірлерінде өкпе обырына шалдығу біркелкі емес. Соңғы 5-7 жылда әйел адамдардың темекіге үйірлігі, жасырынып шылым шегуі өзінің теріс нәтижесін бере бастады.

Шылым шегу өкпе обырына душар болудың стандартты себепшісі болғанымен, өндірістік кәсіпорындар шоғырланған аймақтардағы статистика алаңдатарлық.Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында өкпе обырына шалдығу өндіріс орны аз облыс, қалаларға қарағанда 8-9 есе жоғары.Әлемде әр минут сайын бір адам өкпе обырынан көз жұмады. Қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, жыл сайын 2 миллионнан аса ер мен әйел өкпе қатерлі ісігімен ауырады. Олардың үштен екісі – ер адамдар, үштен бірі – әйелдер. Өкпе қатерлі ісігі бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруынан болатын қайғылы оқиғалар мен өлім-жітімнің басты себепшісі. 

Ал Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім құрылымында өкпе қатерлі ісігі де бірінші орында. 6-7 қазақстандық күн сайын өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады.Өкпе қатерлі ісігіне шалдығуға ең алдымен ер адамдар бейім болып келеді. Дегенмен соңғы 10 жылда темекі шегетін қыз-келіншектердің көбеюі бұл көрсеткішті өзгерткенін атап өттік. Өкпе обыры жас әйелдерде де кездесе береді.

Өкпе қатерлі ісігімен сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалады.Он адам өкпе обырына душар болса, оның тоғызы міндетті түрде темекі шегеді. Егер жөтел соңыңыздан қалмай, ентігіп, шаршап, салмақ жоғалтып, қақырынып-түкіріне беретін болсаңыз, ойланып жатпай, тексерілуге барыңыз.

Шолпан Түленбетов,
облыстық балалар ауруханасының 
онколог дәрігері