Құлаққа да күтім қажет
Жасыратыны жоқ, көбіміз құлағымыз ауырса қандай дәрі ішерімізді, не істерімізді білмей абдырап қаламыз. Өйткені құлаққа кез келген дәріні тамыза алмайсың. Халықтық ем-дом кейде әсер етеді, кейде жоқ. Ал құлақ ауырғанда қайткен жөн? Мұны арнайы мамандардан сұрап білдік.
Осыдан біршама уақыт бұрын ұлымның құлағы ауырып Тараз қаласындағы №8 қалалық емханаға барғанбыз. Дәрігер Анатолий Цой науқастарды қабылдап, қарбаласып жатыр екен. Негізі кез келген емханаға бара қалсаңыз, құлақ, мұрын және тамақ ауруын емдейтін дәрігерлердің алды үнемі адамнан босамайды. Өйткені қазір құлағы ауыратын, туабітті есту қабілеті нашар науқастар өте көп. Адамның басқа мүшелері сияқты барынша мұқият назар аударуды қажет ететін ағзаның бірі – құлақ. Суға шомылу, салқын тигізу, тұмау – құлақ ауруларының асқынуының бірден-бір себебі. Сондай-ақ бас шайқалу, бас-сүйек жарақаты да тікелей әсер етеді.Мамандардың айтуынша, соңғы кезде тұрғындар арасында құлағы ауырып, есту қабілеті төмендеу жиілеген. Байқағанымыздай емхана дәлізінде де құлақ ауруымен келіп отырған бала да, үлкен де көп. Бірінің құлағынан ірің ақса, бірінің құлағына байқаусызда жәндік кіріп кеткен.
Құлақ ауруларының ортаңғы отит, созылмалы отит, құлақтың сыртқы қабынуы секілді бірнеше түрі бар екен. Дәрігердің айтуынша, балалар арасындағы ең жиі кездесетін түрі – ортаңғы отит. Қарапайым тілмен айтқанда, ортаңғы құлақтың қабынуы. Ортаңғы отит көбіне балаға суық тигенде, инфекциялық аурулардың асқынуынан дамиды. Салдары құлақтың қабыну процесін тудырады. Ондай кезде құлақтан бұлық ағып, тіпті дене қызуы көтеріледі. Егер қабыну процесі біршама уақытқа созылса, ортаңғы құлақта жапсырма және тыртық пайда болып, құлақ нашар ести бастайды. Мамандардың айтуынша, ортаңғы құлақтың қабынуын дер кезінде емдемесе, арты созылмалы ауруға ұласады. Бұл кезде құлақ ауырып, бітіп қалғандай сезім пайда болады. Көбіне құлақты қою сұйықтықтан тазарту үшін ота жасайды екен. Созылмалы ортаңғы құлақтың қабынуы 6-12 жастағы балалар мен 5-7 жастағы жеткіншектерде жиі кездеседі.Қазір заман талабына сай түрлі есту құрылғылары шығуда. Есту мүмкіндігінен айырылған қаншама жанға заманауи құрылғылар қайта үміт сыйлауда. Осыдан бірнеше жыл бұрын аппарат қойдыру үшін емделушілер еліміздің ірі қалаларына баратын еді.
Ал қазір мұндай мүмкіндік біздің өңірде де қолжетімді. Алысқа барып сабылмай, жақын жерден-ақ өзіне керегіне қол жеткізуге болады.Мамандар құлақтың естімейтінін ауа және сүйек арқылы анықтайды. Бұрын жүре пайда болған саңыраулықтың ешқандай емі болмаған. Алайда соңғы он бес жылдың көлемінде жасанды ұлу арқылы медицина есту мүшесін қайта қалпына келтіріп, адамды мүгедектіктен құтқаруда.
Негізі арнайы құрылғыны есту қабілеті нашарлағанда не мүлде естімей қалғанда дыбысты күшейту үшін пайдаланады. Құрылғы микрофоннан, электр тербелісін күшейткіштен және қорек беретін электр көзінен тұрады. Электрлі есту құрылғысы ХХ ғасыр басында АҚШ-та пайда болған. Бүгінде мұның құлақтың сыртына, ішіне, қалтаға салынатын, тіпті көзәйнекке ілінетін бірнеше түрі бар көрінеді. Құлақтың артында тұратын қондырғы көбіне пластиктен жасалады екен. Бұл арқылы адам анық естіп, қалыпты жауап бере алады. Дегенмен мамандардың айтуынша, қазіргі кезде құлақтың ішіне орналастырылатын шағын құрылғылар сұранысқа ие.
Негізі құлақ тыныштықты қалайды. Ал құлағына күні бойы құлаққап тағып жүретіндерді жиі көреміз. Ондағы дауыс құлақтың жүйке тамырларына әсер етеді екен. Кейін құлақта бітпейтін шуыл пайда болады. Осылайша құлақтың қызметі бұзыла бастайды. Көбі құлаққаптың зиян екенін білсе де, мән бермейді. Алайда сала мамандары құлақтың қызметі бір күнде бұзылмайтынын, осындай дүниелер кері әсер беретінін алға тартуда
Сонымен қатар құлақты жиі шұқи беруге де болмайды. Әсіресе басына мақта оралған арнайы таяқшаларды қолданбаған абзал. Өйткені олар құлақ қалқанын ғана тазалауға қолайлы. Мұндай кезде құлақтың есту арнасын таза ұстауға көмектесетін арнайы тамшыларды пайдаланған дұрыс.
Эльмира Байназарова