Қоғам

Алаяқтар айылын жияр емес

Естеріңізде болса, өткен жылы алаяқтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын пайдаланып, «Жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды, әрбір қазақстандыққа 150 мың теңгеден беріледі» деген хабарлама таратып, жұртты дүрліктірген. Stopfake-тің хабарлауынша, мұндай төлем жайында бірде-бір ведомство жарияламаған, яғни ақпарат жалған. Осының өзіне сенген азаматтар құзырлы мекемелерге қоңырау шалып, әбігерге түскен. Кейіннен интернет-алаяқтар министр Аида Балаеваның атынан да жалған хабарламалар таратып, көпшілікті сан соқтырмақшы болды. Енді әккі алаяқтар ақша сұраудың басқа жолына көше бастапты. Тіпті, лауазымды тұлғалардың суретін қойып, танымал адамдарға «әкім» болып хабарласуды шығарған.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың атынан ақша сұрап хат таралғаны туралы хабарламаны көзіміз шалған болатын. Сонымен бірге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің  атынан да жалған парақшалар ашылып, қарыз сұрайтындар көбейгенін де көрдік. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі «Facebook» әлеуметтік парақшасында есерту жасап, алаяқтыққа сенбеу керектігін ескерткен болатын. Онда: «Құрметті Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары! Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде орталық және жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары атынан фейк парақша ашып, түрлі сылтаумен (көбінесе қарызға ақша алу) көмек көрсетуді сұрап, хабарлама жіберген жағдайлар көбейіп кетті.Осы орайда алаяқтардың арбауына түспеулеріңізді және осындай хабарлама алған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз» делінген.Жуырда облыстық  әкімдік аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің атынан бірқатар адамның WhatsApp мессенджеріне жалған хабарлама жіберілгені туралы мәлімдеді. Осы орайда облыс әкімінің баспасөз қызметі  «Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан WhatsApp мессенджерінде жалған хабарламаларға байланысты: Осы тұста Сіздерден сақ болуларыңызды сұраймыз және облыс әкімінің әлеуметтік желідегі тек үш ресми парақшасы бар екенін ескертеміз: Instagram  (https://www.instagram.com/erbol_karashokeev?igsh=MW5hZW95djZocml3OA==) Facebook (https://www.facebook.com/profile.php?id=100082086247474...) Telegram (https://t.me/Erbol_Karashokeev)Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары тұрақты түрде жұмыс істейді:Instagram - https://www.instagram.com/zhambyl.gov.kz... Facebook - https://www.facebook.com/share/mo2WsywAph7yYEyu/?mibextid=WC7FNe Telegram - https://t.me/akimat08 TikTok - https://www.tiktok.com/@zhambylgov?_t=8lSYBj8eniw&_r=1 YouTube - https://youtube.com/@user-vq4yh9fb9b?si=-Cck5daL3IZv1mSs делінген.

Жоғарыда көрсетілген парақшалардағы ресми мәліметтерге назар салуларыңыз сұралады! Қандай да бір күдік туғызатын, жалған ақпараттан сақ болуға шақырамыз!», – деп  ескертті.Мұның артынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және бірнеше аудан әкімі де «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшаларына өздерінің атынан алаяқтар хабарлама жазғанын жеткізіп, оған халықты оған сенбеуге шақырған болатын. Президенттен бастап, әкім, мекеме басшыларының атынан жалған хабарламаларды емін-еркін жазып отырған алаяқтардың қарапайым халықты оңай қақпанға түсіретіні айтпаса да түсінікті.Жалпы, мамандар алаяқтардың телефон нөмірі базасына оңай қол жеткізетінін айтады. Әсіресе, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адамның телефон нөмірін табу қиынға соқпайды. Оның желіге салған фотосын пайдалану арқылы-ақ талайды сан соқтырып кеткені қаншама. Сондықтан мұндай хабарлама келсе, жан-жақты тексерген жөн. Тіпті ерінбей телефонына қоңырау шалып, анықтап алғанның да артықтығы жоқ. 

Сондай-ақ полицейлер алаяқтық шабуылдың жаңа түрі пайда болғанын ескертеді. Яғни онда шабуылдаушылар туыстары және достарының дауыстарына салып, ақша беруге мәжбүрлейді.Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, хат-хабарлардағы қолжетімді дыбыстық үлгілерді пайдаланып аккаунт иесінің дауысын жасайды және барлық чаттарға ақша жіберуді сұрайтын қысқаша  дыбыстық хабарлама жібереді.Бұл қауіпті, өйткені алаяқтар жәбірленушіні анықтаудың бірнеше тәсілдерін, яғни  аккаунт, дауыс және банк картасын пайдаланады. Бұл жіберуші адамға көбірек сенім тудырады.Бұл жағдайда екі адам - дыбыстық хабарламаны  алған және атынан жіберілген адам құрбан болады.  Ағымдағы жылдың басынан бастап облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен шоттарды бұзып, жәбірленушінің туыстары мен достарына ақша сұрап хабарлама жіберген алаяқтықтың 13 дерегі анықталған. Осыған орай облыстық полиция басқармасының өкілдері абай болуды ескертеді. 

– Алаяқтардың құрбаны болмас үшін полицейлер дыбыстық хабарламаларды тыңдағаннан кейін бірден өшіруді, барлық хат-хабарларды автоматты түрде жоюды, интернет желісіне дыбыспен бейне жібермеуді, жақын адамдарыңызбен осындай жағдайлардың алдын алу үшін құпия сөздер ойлап табуды ұсынады. Егер, сіз осындай дыбыстық немесе әдеттегі хабарламаларды туыстарыңыз бен жақындарыңыздан алсаңыз, полиция қызметкерлері алдымен басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласуды ұсынады. Уақытты жіберіп аламын деп қорықпаңыз, сәл кідіріп, сақтанғаныңыз дұрыс. Әлеуметтік желілердегі деректерді жасырып ұстаңыз, дауыс үлгілеріне және достар тізіміне бөгде адамдардың кіруін шектеңіз. Мұндай сақтық әрекеттеріңіз алаяқтардың қулықтарына түсіп қалу қаупінің алдын алуға көмектеседі,-дейді облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметі. 


    
А.Орынбасарқызы