Chat GPT: пайдасы көп пе, зияны ма?
Бүгінде жасанды интеллект қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуда. Әлеуметтік желі нетизендері Chat GPT нейрожелісін барынша сынап, ол туралы қызықты жазбаларымен де бөлісуде. Бірі ерекше тақырыпқа мақала жазып беруді тапсырса, бірі әрқилы сұрақтар қойып, нейрожелінің сауаттылығына таңдануда. Мамандар да болашақта Chat GPT-дің мүмкіндігі кеңеймесе, азаймайтынын жеткізді. Енді көкейде бір ғана сұрақ бар. Нейрожелінің пайдасы көп пе, зияны ма?
Сhat GPT – америкалық коммерциялық емес «OpenAI» компаниясы ұсынған нейрожелі. Кез келген мәтiндi автoматты түрде бағалау және талдау жүйесiн құратын Chat GPT үлкен жаңалық бoлды десек, қате айтқанымыз емес. Мамандардың айтуынша, нейрожелінің көмегімен кез келген сұраққа жауап табуға, студенттердің еңбегін дұрыс бағалауға және ұсыныс хат та беруге болады екен. Тіпті әр студенттің қызығушылығын ескеріп, арнайы оқу бағдарламасын да даярлауға қабілеті жетеді. Бұл оқудың тиімділігін арттыруға және студенттің жан-жақты ізденуіне мүмкіндік береді екен.
Chat GPT нейрожелісін қолдану өте оңай. Нейрожелінің алғашқы нұсқасы 2019 жылы шығарылып, жалған ақпараттарды анықтауға негізделген еді. Бірақ жасанды интеллекттің бұл нұсқасы сұранысқа ие бола алмады. Кейіннен 2020 жылы ЖИ-дің екінші нұсқасы шықты. Чат-боттың үшінші нұсқасы 2022 жылы, төртінші нұсқасы былтыр іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл нұсқа алдыңғылармен салыстырғанда өзгерек. Мәтіндерді тез әрі оңай жазатын болған. Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған «Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту» (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында Chat GPT жауаптарының стилі нағыз адамның жауаптарына қатты ұқсайды.Чат-ботты қолдану үшін тіркелу керек. Қолдану тәсілі өте қарапайым болғандықтан, кез келген жастағы адам сұрағына жауап таба алады.
Студенттер де Chat GPT-де білім алу кезеңінде барынша қолданады. Бірі үйге берілген тапсырманы орындау үшін, бірі жұмыс барысында қолданып жатса, енді бірі қарапайым шешімдерді қабылдау кезінде пайдаланады екен.
Расында нейрожелі адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, өмір сүру сапасын барынша жеңілдетуде. Бірақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамды алаңдататыны да жасырын емес. Тарихты еске алайықшы, дербес компьютер пайда болған 1970-жылдары Стив Джобсты әңгімеге тартқан сайын АҚШ-тағы мектептер мен университеттер: «Біздің балаларымыз сабақ оқымайтын болады. Ақымақ болатын болды» деп уайымдаған болса, 1990-жылдары әрбір журналист Билл Гейтстен сұхбат алғанда: «Интернет деген не өзі? Бұл адамзат баласының дамуына қауіпті емес пе?» деген сауалдарды жиі қойған.Ал қазір компьютерсіз де, ғаламторсыз да өмірімізді елестету мүмкін емес. Соңғы жетпіс жылдан бері жасанды интеллекттің дамуы үшін адамзат баласы қаншама уақытын, энергиясы мен қаражатын жұмсады. Дегенмен мамандар жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, нейрожеліні тұрақты қолдану білім сапасына кері әсерін тигізеді ме деп қауіптенеді.
– Оқу ордасында жасанды интеллекттің көмегіне жүгіну қазіргі таңда қолданушылар арасында дау тудырып тұр. Кейбір кемшіліктерге қарамастан Чат Джипитидің көмегімен түрлі академиялық контекстте дәйекті материалдар жазу, тіпті медициналық лицензияны алу үшін емтиханды тапсыруға болатынын дәлелдеді. Сол себепті де әлемдегі алпауыт мемлекеттер бұл жасанды интеллектті қолдануға тыйым салуда. Бірінші кезекте Италия Chat GPT-ді қолданушыларға қатысты жеке ақпараттардың таралуына байланысты бұғаттады. Бірақ компания қызметкерлері қателіктерін қайта түзегеннен кейін Италия қайтадан жасанды интеллектті қолдануға рұқсат берді. Бұдан бөлек Париждегі Sciences Po және Үндістанның Бангалор қаласындағы RV University бағдарламалық жасақтаманы пайдалануға тікелей тыйым салды. Сонымен қатар Нью-Йорктің мемлекеттік мектептерінде және Лос-Анджелестің біріккен мектеп ауданында жасанды интеллектті пайдалануға рұқсат бермеді. Неліктен? Өйткені, оқытушылар берілген тапсырманы жасанды интеллекттің немесе оқушының өзі орындағанын білмей дал болды.
Қоғамды алаңдататын тағы бір мәселе – жасанды интеллекттің адам еңбегін алмастыруы. «Chat GPT секілді нейрожелі мамандардың орнын басып, жұмыссыздардың санын арттырмай ма?» деген ойлардың келуі де заңдылық.Бұл туралы Chat GPT-дің өзінен де сұрап көрдік. «Сен қандай мамандықтарды алмастыра аласың?» деп сауал қойдық. Жауап та бірнеше секундта дайын болды. Ол мәліметтерді сараптау бойынша көмектесе алматынын, бірақ толықтай белгілі бір маманды аластыра алмайтынын жазды. Сондай-ақ, адам бойындағы шығармашылық қасиеттерді толықтай игеру мүмкін еместігін, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайтынын жеткізген. Мамандар да чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайтынын растады.
– Chat GPT-тің қазіргі нұсқасы адамдарды алмастырмайды, бұл сөзсіз. Тарих көрсеткендей, уақыт өте келе адамдар істейтін кей жұмыстарды технологиялар атқара бастайды, бірақ бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Ол «Google» немесе «Microsoft Word» сияқты жұмысымызды жақсырақ әрі жылдам орындауға көмектесетін құрал ғана. Мысалы, мен Chat GPT-дің арқасында біраз жұмысымды жеңілдеттім, – дейді Speech Lab компаниясының Data Science тобының жетекшісі Артём Рычко.IT ағартушы Тимур Бектұр болашақта жасанды интеллект қоғамның ажырамас бөлігіне айналады деп болжауда.
Нейрожелілерді жұмыс барысында қолдануға қорқудың керегі жоқ. Тек жасанды интеллектке көмекші құрал ретінде қарап, жұмыс барысын барынша жеңілдету үшін қолдану жеткілікті.
Аяулым Жаманқара