Жаңалықтар

Жарқын жоба жетістікке жетелейді

Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясы еліміздің бейбітшілік және келісім мәдениетін нығайтып, ел стратегиясының маңызды қадамын белгілейтін маңызды жиын. Бір мақсат пен бір мүдде аясында ортақ іске ұйысқан мемлекетіміздегі барлық халықтар үшін Ассамблея сессияларының айтары да, берері де көп.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында да келелі ойлар айтылды. Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жиында сессияның шешімдерін іске асыру аясында қоғамдық құрылымдарымен бірлесе ҚХА-ның 13 арнайы жобасын іске асыруды тапсырды. Атап айтар болсақ, «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Тамырлас» «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бүгінде аталған жобаларды іске асыру жоспарлары әзірленіп, бекітілді. Жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған.Маңызды бастамаларды іске асыруға бағытталған жұмыстар облысымызда да қолға алынуда. Дәлірек айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларовтың жетекшілігімен «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» пилоттық жобасы аясында Қордай, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарында мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелерде этносаралық қатынастар саласындағы сенім мәдениетін, мемлекеттік саясатты ілгерілету, қоғамда бірлік пен келісімді нығайту мақсатында кеңес беру және семинар-тренингтер ұйымдастырылды. 

ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов бастаған топ аталған аудандардағы өткен кездесуде жарқын жобаның мақсат-міндеттерін кеңінен түсіндірді.Этноорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тартуға бағытталған маңызы мол жобаның таныстырылымы халық тарапынан оң бағасын алды. Бүгінде еліміздегі ұлттарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Барлық салада қызмет еткен әрбір жан үшін патриоттық тәрбиенің алатын орны ерекше. Патриотизм – ол елді біліммен, еңбекпен көркейту. «Мемлекет не береді?» деп емес, «Отаныма не беремін?» деген оймен өмір сүретін кез келді. 

Гулам Умаров, 
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 
төрағасының қоғамдық орынбасары