Жаңалықтар

Орталықтағы он бір үй жаңа кейіпке енуде

Облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында Төле би даңғылының бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Қаратау құрылыс – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен құрылыс жұмыстарына 110-нан астам жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін абаттандырып, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары да қарқын алуда. Мәселен кешенге жалпы саны 4 500 қылқанжапырақты ағаш егу жоспарланған болатын. Егілген тал-дарақтың барлығы тамшылату әдісімен суарылуда.Қала маңындағы алқаптардың тынысын кеңейтуге де айрықша көңіл бөлінуде. Айталық, «Құмшағал», «Химик», «Шалғай Қарасу», «Қызыл Абад» алқаптарының жолына шағал тас төселуде. Таяу уақытта аталған алқаптардың тұрғындары жол игілігін көреді.

Жалпы биыл шаһар аумағында жеті жоба қолға алынып, 18 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы салынуда. «KAZ ELIT STROY», «КАТСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. «Шалқар Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі М.Қойшыбеков көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстарын аяқтады. Ы.Сүлейменов көшесінен бастап «Бурыл» алқабы, «Ұлы дала» ықшамауданының аумақтарын жалғайтын жолдың ұзындығы 806 метрді құраса, ені 14 метрге кеңейтілді. Былтыр «Ұлы далада» 5 көшеге асфальт жол төселсе, биыл қоғамдық көлік жүретін негізгі 8 көшені асфальтталады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес каналдарды тазалау жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Биыл шаһарда 8 канал механикалық тазалаудан өтті. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша ықшамаудандардың аулаларын жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Соған орай тиісті қаржы бөлініп, ықшамаудандар самаладай жарқырап тұр. Биыл шаһардың өзге де аумақтарын жарықтандыру жұмыстары атқарылады. 2024-2025 жылдары Тараз қаласындағы 76 көше жарықтандырылады.

Жоспарға сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз компаниялар анықталып, бүгінде тиісті жұмыстар басталды.Бұқаралық спортты дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Биыл облыс орталығында 9 алаңша ел игілігіне беріледі. Қазіргі таңда «Қарасу» (5) ықшамауданы, №12, 15, 16 үйлердің ауласында бой көтеріп жатқан футбол алаңшасының құрылысы толығымен аяқталды. Қалған 8 нысанның құрылысы таяу уақытта аяқталады. Бұған қоса тағы 14 алаңша қайта қалпына келтірілуде.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы