Газ тапшылығы қайтсе шешіледі?
Өңірде 29 газ желісі ұйымы 217 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын сатуда. Облысымызда газ қондырғысымен жабдықталған ресми тіркелген көліктердің саны 29 437-ге артып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов айтты.
Спикердің айтуынша, сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. – Облыс аумағы арқылы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» жолының 558 шақырымы өтеді. Транзиттік облыс болғандықтан жаз мезгілінде жүк, жолаушы және шет елдерінде тіркелген автокөліктердің қарқыны 2 есеге артатындығы белгілі. Олардың басым көпшілігі сұйытылған мұнай газын пайдаланады. Қазіргі таңда облыс үшін сұйытылған мұнай газының айлық қажеттілігі 8-8,5 мың тоннаны құрайды.
Басқарма басшысы сонымен қатар өндіруші зауыттардан сұйытылған мұнай газын ертерек жөнелту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, тамыз айына «Тенгизшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі коммерциялық бағамен 523 тонна сұйытылған мұнай газын жөнелтіпті. Бұл ретте 3 вагон-цистернада 108 тонна сұйытылған мұнай газы теміржолмен жөнелтіледі деп күтілуде. Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс бойынша 252 тонна сұйытылған мұнай газы бар.
Аяулым Жаманқара