Жаңалықтар

Төрт түлік жайы бақылауда

Өткен жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып, тұрғындарды әбігерге салғаны есте. Сондай-ақ 10-ға жуық ірі қара арам қатқаны тағы бар. Ауру айтып келмесе де алдын алу жұмыстары уақытылы жүргізілсе, тұрғындардың ешқандай зиян шекпесі анық.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Талас ауданының ветеринариялық бөлімінің басшысы Жарқын Қалмаханов баяндама жасады. Спикер жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Спикердің айтуынша, биыл ауданда 16 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жыл басынан бері жоспар бойынша вакцинация жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда. 

Сондай-ақ ауданда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң аясында ит аулау жұмыстары жүргізілуде. Ауданда «iKomek109» диспетчерлік орталығынан және ауылдық округ әкімшіліктерінен келіп түскен өтініштерге сәйкес жыл басынан бері 312 қаңғыбас ит-мысық ауланған. Спикердің айтуынша, ауданда қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп-ұстауға арналған питомник әзірге жоқ. Бірақ Қаратау қаласынан соғылып жатқан питомниктің құрылысы бітуге жақын.


Сол сияқты кәсіпорын теңгерімінде 3 мал сою алаңы бар. Атап айтқанда, Қаратау қаласы, Ойық, Бостандық ауылдық округтерінде орналасқан.

Ақтоты Жаңабай