Жаңалықтар

Дарынды оқушылар 467 медаль иеленді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылкұлованың қатысуымен брифинг өтті. Спикер дарынды оқушылардың жеткен жетістіктері және «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру барысы туралы баяндады.

Баяндамашының айтуынша, биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда облысымыздың дарынды оқушылары 467 медаль иеленіпті. 
– Дарынды оқушыларымыз түрлі байқауларға қатысып, бірқатар жетістіктерге жетіп, облысымыздың намысын лайықты қорғап шықты. Атап өтетін болсақ, республикалық «Зерде» конкурсында жас ізденімпаз зерттеушілер барлығы 18 медаль еншіледі. «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 3 оқушы алтыннан алқа тағынды. Ғарыштық зерттеулер бойынша «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық ғылыми жарысына қатысқан 6 оқушының төртеуі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 

2023-2024 оқу жылында облыстың 85 жылдығына орай жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңі Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтті. Байқауға Қазақстанның әр облысынан 912 оқушы қатысты. Білім бәсекесіне өңірімізден 46 оқушы қатысып, 27 жас ғалым жүлделі орындардан көрінді. Нәтижесінде облысымыздың командасы он бесінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» номинациясына ие болды.


Дарынды оқушыларымыздың халықаралық олимпиадаларда қол жеткізген жетістіктері де ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Мәселен 1-4 шілде күндері Сербияның Белград қаласында өткен олимпиадада «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Сабыр Жомарт жүлделі орыннан көрініп, тамыз айында Ирландия мемлекетінің Дублин қаласында өтетін Халықаралық олимпиадаға жолдама алыпты. Сондай-ақ Болгарияда өткен халықаралық қырық бірінші Балқан олимпиадасында «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Марғұлан Шарел күміс медальға қол жеткізген. Марғұлан шілде айында Ұлыбританияның Бат қаласында ұйымдастырылған халықаралық олимпиададан да екінші орын алған. 

Сонымен қатар, Өзбекстанда ұйымдастырылған Авиценна атындағы халықаралық олимпиадаға қатысқан «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Рауан Есен үшінші орынға лайық деп танылса, Амина Ғалымжанқызы Бразилияда өтетін лингвистикадан халықаралық олимпиадаға жолдама ұтып алған. Әлемнің 24 елінен келген оқушылар бақ сынаған Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына облысымыздың атынан «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Серікбай Сұңғат қатысып, күміс медаль қанжығалаған.

Ал «Мектепке жол» республика­лық қайырымдылық акциясы 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Акция аясында былтыр жекелеген санаттағы 4 127 балаға 131 миллион 294 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетіліпті.

Эльмира Байназарова