Жаңа университет маман тапшылығын жоя ала ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында бұрынғы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру туралы тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына орай өңірде сушаруашылығы және ирригация университеті құрылып, талапкерлерді қабылдауды бастап кетті. Сушаруашылығы қызметкерлерін дайындайтын жаңа оқу орнында Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50-60 балл алған талапкерлердің де тегін оқуға мүмкіндігі бар.
Аймақта су саласы мамандықтары бұған дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрамында оқытылып келді. Себебі Кеңес одағы тұсында еліміздегі ең алғаш сушаруашылығы мамандарын даярлап, кадрмен қамтамасыз еткен дәл осы Жамбыл гидромеларативтік-құрылыс институты болатын. Дегенмен даңқты институт 1998 жылы сол кездегі Тараз мемлекеттік университетіне қосылады. Бесжылдық оқу төрт жылға ауысқаннан кейін инженерлік негізі төмендей бастайды.М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мелиорация және агрономия кафедрасының доценті Қыдыралы Мұсабеков бакалавриат туралы әңгіменің бастауы салаға кесірін тигізгенін айтады.
– Мамандар амалдың жоқтығынан сыртқа кете бастады. Дербес институт кезінде жылына шамамен 600 талапкер қабылдайтын. Ол кезде 3-4 мамандық қана бар еді ғой. Гидротехнигіміз де, механиктеріміз де инженер маман ретінде қалыптасатын. 1998 жылдан кейін көп мәселе өзгерді. Содан бергі аралықта біздің сала азаматтық құрылыстың бір арнасы ретінде ғана жұмыс істеді. Үй салатын құрылысшылар суқоймаларын салатын жағдайға дейін жетті. Отыз жыл бойы айтарлықтай құрылыс болған жоқ қой. Анығырақ айтсақ, ондайлар енді шығып жатыр. Су тасқыны бізде маман тапшы екенін айқын көрсетіп берді. Президенттің тікелей бақылауға алғанының арқасында бұл мәселені еңсеретін уақыт жетті, – дейді Қыдыралы Мұсабеков.
Жаңадан ашылған университеттің жеке ғимаратында сабақтарды өткізуге арнайы аудитория жасақталып, тәжірибеге баратын орындар да қарастырылған. Сырттан мамандар шақыртылып, барлық оқу бағдарламасының жұмыс жоспары қайта жүйеленген.
Оқу орнының оқытушылары жарты жыл бұрын еліміздің барлық өңіріне арнайы хат жазып, қай өңірге қанша маман қажеттігін зерделеп алыпты.
– «Университет ашылады» деген әңгіме айтылған кезден бастап барлық облыстың әкімдеріне, білім басқармаларына хат жаздық. Мәселен, батыстағы бірнеше облыс әуелі 1-2 маман ғана қажет екенін хабарлады. Алайда су тасқыны болғаннан кейін жағдай өзгерді. Мәселен, бастапқыда Қазақстан бойынша 212 маман қажет деген сұраныс түссе, қазір 450-ден асты. Тіпті 1-2 маман қажет деп хабарлаған кейбір өңір қазір 15-20 маман қажеттігін айтып отыр. Солтүстік өңірлерде жағдай мүлде басқаша. Олар үшін ауызсу басты мәселеге айналғаны мәлім. Сондықтан «Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету» деген мамандықты оқытамыз. Күнделікті хабарласатындардың бір парасы онлайн оқуға ниет білдіріп жатыр.
Ғ.Омарованың айтуынша, жаңа университетке 210 грант бөлінген. Ілгеріде ел бойынша 7 жоғары оқу орнына 238 грант қарастырылса, биыл жаңадан құрылған ұлттық университеттің өзіне 238 грант бөлінгені көңіл қуантады. Әйтсе де, маманның сөзіне сенсек, осы күнге дейін бөлінген гранттардың 30 пайызы ғана игеріліпті. Әрине, аз. Енді осы жұмысты реттеуге, жаңа оқу орнына студент тартуға күш салу керек. Алдағы уақытта мамандарға бөлінетін бір жолғы көмек артады, жалақы көтеріледі деген дерек бар. Соған қарағанда сушаруашылығына қатысты мамандықтарға қызығушылық артуға тиіс.
Өз алдына отау тіккен оқу орнында алдағы уақытта студенттердің санын 4 000-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал оларға 250 оқытушы дәріс береді.
Айжан Өзбекова