Жаңалықтар

Жәрмеңке жұмыссыздар санын азайтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруміз керек» деп, қоғамдағы өзекті мәселені шешу мақсатында Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Жұмыссыз жүрген жастардың екі қолына бір күрек тауып берудің тиімді жолының бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығының» маманы Гүлнара Байбосынованың айтуынша, биыл облыста мансап орталықтарының ұйымдастыруымен 67 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіпті. Іс-шараға барлығы 1 327 мекемеден 4 101 жұмыс орны ұсынылып, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 200 жас жұмысқа тартылған.

«Еңбек мобильділігі орталығы» мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жуырда «Ауыл Береке» базарында «Жастарға жұмыс» жобасы аясында өтті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, «Еңбек мобильдігі орталығы» директорының міндетін атқарушы Адилхаир Атин және 40-тан аса жұмыс беруші мекеме өкілдері қатысты. 

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жастар үшін бос жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алуға, жұмыс жағдайларын талқылауға мүмкіндік беру. Кәсіпкер азаматтардың, денсаулық сақтау, білім беру саласы өкілдерінің қатысуымен өткен жәрмеңкеге 300-ден аса жас пен қала тұрғыны қатысып, 120 азамат жұмысқа жолдама алды. 

Жәрмеңкеге келген жастардың қарасы қалың болды. Бірі жұмысқа орналасу бойынша кеңес сұраса, енді бірі мамандармен бірге көші-қон мәселесін талқылады. 

 

Иә, оқуды енді бітірген жас мамандарға тұрақты жұмыс табу оңай емес. Сол себепті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі секілді жастарды жұмыспен қамту бағытында қолға алынған іс-шаралардың пайдасы мол. Мәселен Жомарт Қалдыбай 2023 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріпті. Оқуын аяқтап, диплом алған соң басқа салада жұмыс істеген екен. Кейін мамандық бойынша жұмыс істеуге бекініп, жәрмеңкеге арнайы келіпті.


Бинұр Анарұлы да Жамбыл жоғары медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын тәмамдағанына 2 ай болған жас әлі жұмысқа орналасып үлгермеген.


Жастармен ғана емес, жәрмеңкеге келген жұмыс беруші мекеме өкілдерімен де тілдесіп көрдік. Мамандар бос орындарының жәрмеңкесі арқылы жұмысқа орналасу әрбір жасқа берілген керемет мүмкіндік екенін айтады.

– «Динамо» спорт кешенінде 3 азаматқа арналған бос жұмыс орны бар. Атап айтқанда, IT маманы мен денешынықтыру пәнінен сабақ беретін 2 мұғалім қажет. Жұмыс беруші ретінде қоятын талаптарымыз көп емес. Жалақыға келетін болсақ, айлық мансап орталығы арқылы беріледі. Яғни айлық жалақы 100-120 мың теңгені құрайды.Бос орындарының жәрмеңкесі арқылы қажетті қызметкерлерді табамыз деген ниеттеміз. Жәрмеңкеде жастардың бағы жанып, ұнаған жұмыстарын табуына тілектеспін, – дейді «Динамо» спорт кешенінің бөлім басшысы Ерлан Әбдіғалиев.
Байқағанымыздай, кезекті бос орындарының жәрмеңкесі бұрынғыдан өзгерек болды.

Өйткені жәрмеңкеде еліміздің Солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін арнайы кеңес беру орны жасақталды. Кеңес беру алаңында қоныс аудару бағдарламасының тиімді тұстары, тұрғын үймен қамту сынды мәселелер талқыланды.Қоныс аудару бағдарламасы аясында кез келген адам өзі тұратын өңірдің ішінде ғана емес, басқа облысқа да көшіп бара алады. Жұмыссыз, баспанасыз жүрген азаматтар мен олардың отбасыларына мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары да көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығымен Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидалары бекітілген.

– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасына қатысушылар және белгіленбеген квота шеңберінде өңірлерде оқып жатқан ауыл жастарының қатарындағы түлектер, сондай-ақ қандастар өңіраралық ерікті қоныс аударуға шығу өңіріне қарамастан жүргізіледі. Солтүстік өңірге ерікті түрде қоныс аударушыларға мемлекеттен барынша қолдау көрсетіледі. Мәселен, көшу үшін материалдық көмек қарастырылған. Бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бірреттік 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар да өтеледі.Атап айтқанда, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін, бір адамға – 15 АЕК, ал отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 18 АЕК көлемінде төленеді.

 


Жәрмеңкеде Солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтар да табылды. Жұмыс бабымен көшуді жоспарлаған Татьяна Сергеевна кеңес алуға арнайы келіпті.

Иә, бүгінгідей нарықтық қоғамда жұмыссыз жүру кім-кімге болсын оңайлық соқпайды. Жұмысың болмаса табысың да болмайды, Бір сөзбен айтқанда, мұндай еңбек жәрмеңкелері жиі өтіп тұруы керек. Елге берер пайдасы да, мүмкіндігі де мол.

Аяулым Жаманқара