Жаңалықтар

Қазақ футболының болашағы қандай?

Жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Тараз» футбол клубының тірлігін қалай тіктейміз?» атты мақаласын бір деммен оқып шықтық. Облыс футболына деген жанашырлықпен жазылған мақала қолымызға қалам алуымызға себепші болды.

Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Футбол жанкүйерлері десек, ең алдымен есімізге «Реал Мадрид». «Барселона» командалары түседі. Ал біздің қазақ футболы қандай деңгейде? Балаларымыз неліктен өзіміздің ойыншыларға қарағанда шетелдік футбол жұлдыздарына жанкүйер болады, соларды үлгі етеді? FІFА тізімінде 121 орында тұрғанымыздың өзі-ақ қазақ футболының деңгейін көрсетіп тұрған жоқ па?!Осы жылы өткен жолдастық кездесулердің біреуін жеңіп, бесеуінде ұтылып, біреуін тең есеппен аяқтаппыз. Нәтиже көңіл қуантарлық болмаса да біздің футболшылар миллиондап жалақы алады. Неге? Осы сұрақтар бәрімізді мазалайды.  

Елімізде футболды алға сүйреу мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөліп, допты түзу тебуді үйрету үшін балаларды шетелге оқуға да жіберді. Мысалы, 2014 жылы Бразилияға 25 бала оқуға барды. Соның нәтижесі қайда? Кейде біздің футболшылар елінің мақтанышы емес, мазағы болып жүргендей көрінеді. Неге дейсіз бе? «Jaidarman» ойыны командаларының екі әзілінің бірі – Қазақстан футбол құрамасы туралы. Ащы әжуалармен футболшылардың санасын оятайын дейтін шығар. Бірақ, соған ойыншылардың өздері ыржың-ыржың етіп күліп отырады. Құдай-ау, сені мақтап жатқан жоқ, сын айтып отыр ғой. Намыстан жарылып кетпей ме? Қашан біз Месси мен Роналдуға қызығып қарағандай, отандық футболшылардың ойынын сүйсініп тамашалар екенбіз? 

Облыстық «AR-AI» газетінің тұрақты оқырманымыз. Сүйікті басылымымыз арқылы отандық футболға қатысты ойымызды айтқымыз келді. Қазақстан Премьер лига чемпионатында 13 команда ойнайды. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Франция, Германия, Италия, Англия және Португалия сияқты дамыған елдердің  Премьер лига ойындарында 18-20 команда өнер көрсетеді. Тағы бір қызығы, Қазақстан Премьер лига чемпионатында шетелдік ойыншыларға ойнауға рұқсат берілген. Сонда қазақ футболшылары доп теппей ме деп қауіптенеміз.

Себебі шетелдік ойыншылардың жалақысы өте жоғары. Ел-жұрттың айтуынша олардың алатын жалақысы 20-30 мың доллардан асатын көрінеді. Осы қаржыларды неге өзіміздің ойыншыларға бермеске деген тағы бір ой туады.Қазақстан Премьер лига чемпионатында «Тараз» командасы 12 орында тұрады. «Тараз» футбол клубы шетелдік ойыншыларға қыруар қарыз болуынан болды ма екен, әйтеуір биыл бірінші лигаға түсіп қалды. Өткен жылы бірінші лига ойындарын оныншы орынмен аяқтады.

Биыл да 6-орынды қанағат тұтуда.Жалпы біздің ойымызша футбол климаты жылы аймаққа тән ойын. Десек те, елімізде керісінше солтүстік жақтың командалары алда жүреді. Қысқасы, 2010 жылдан бері «Тараз» командасын жаттықтырған Нүркен Мазбаевтан үлкен нәтиже күткен едік. Үмітіміз ақталмады. Биыл «Тараз» командасы Премьер лига чемпионатына шығуға тиіс деп отырмыз. Командаға ауызбіршілік, сәттілік тілейміз.

Алмат Аққошқаров,
Мақаш Камалиденов,
Тараз қаласы