Жаңалықтар

Адамдардың абзалы – адамдарға пайдалысы

Халыққа қызмет жасайтын адам алдымен өзінің мұқтаждықтарын өтей алса ғана риясыз көңілмен еңбек етеді. Адамзаттың әлеуметтік-рухани мұқтаждықтарының маңызды бір бөлігі – білім алу, оны шыңдау, өзін-өзі дамыту. Кәсіби біліктілікті асқан шеберлікпен меңгеру үшін тек теориялық білімнің аздық ететіні рас. Себебі шеберлік деген бір істі бірнеше қайталағанда қанға сіңетін қасиет. Бүгінде осы шеберлігі шыңдалған «hard skills» дағдыларын меңгерген кәсіби маманға қарағанда түрлі жағдайларға икемді «soft skills» бағытындағы әмбебап, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтардың қай салада болмасын сұраныста екендігі рас. Осы орайда, мемлекеттік басқару саласын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жұмыстарын ұтымды ұйымдастыруда.

Біздің орталық академияның филиалы ретінде бірқатар ауқымды жұмыстар атқаруда. Филиалдың жеке оқу ғимараты Тараз қаласының орталығында орналасқан, дәріс өткізетін кабинеттер соңғы технологиялық жабдықтармен қамтылған. Бірнеше оқу аудиториялары мен іс-шаралар өткізетін конференция залы, психология, тест кабинеттері, асхана, тікелей эфирге шығу мүмкіндігі қамтылған медиа студия және тыңдаушыларға арналған демалыс орны бар.

Сондай-ақ, іргедегі саябақта мемлекеттік қызметшілерге арналған аллея салынып, онда демалуға арналған арнайы сәкілер орнатылған.Алғаш мемлекеттік қызметке келген жас мамандарды 6 айдың көлемінде қайта даярлаудан өткізу міндеттелсе, бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер біліктілікті арттыруға әрбір 2 жылдан соң келеді. Бұған қоса, жаңадан сайланған басшы лауазымдағы мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан және саяси қызметшілер – ауыл әкімдері мен депутаттар да біліктілігін арттырудан өтеді. 

Оқу бағдарламалары негізінен осы аталған сала қызметкерлерінің кәсіби таңдауына бағытталады. Дәріс тақырыптары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жоғарыда айтылған «soft skills» дағдысына негізделеді.Мемлекеттік қызметке енді келгендерге арнап аға оқытушы Толғанай Сүлейменова өмірдегі түрлі мәселелерді стандартты, қалыпты ойлаудан басқаша жолмен шешуді үйрететін «Дизайн ойлау» тақырыбында дәріс жүргізеді.Филиалдың профессоры Бекмұхан Ахметов әріптесіміз «Стратегиялық менеджмент», «Аумақтық экономикалық саясат», «Өзгерістерді басқару», «Комплаенс» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тақырыптарында оффлайн ғана емес, онлайн дәрістер оқып, тыңдаушылардың, сонымен бірге академияның аймақтық әріптестер арасында үлкен құрметке ие.

Сондай-ақ доцент, IT саласының PhD докторы Арсен Бапанов «Мемлекеттік қызметті цифрландыру», «Мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту», «Әлеуметтік медиаменеджмент», «Бизнес процестердің реинжинирингі» тақырыптарында тек филиалдың тыңдаушыларына ғана дәріс оқып қоймай, өзге де аймақтық филиалдардың шақыртуымен пайдалы лекциялар жүргізеді. 

Сонымен қатар, арнайы шақыртумен келіп дәріс оқитын жоғары оқу орындарының оқытушылары – экономика ғылымдарының PhD докторы Қайрат Шалдарбеков мемлекетті басқару саласына арналған түрлі «Тайм менеджмент», «Стресс менеджмент», филология ғылымының кандидаты Толқын Өмірбаева «Іскерлік коммуникация» тақырыптары бойынша дәрістер оқып, филиал тыңдаушыларының құрметіне бөленуде. 

Мемлекеттік қызметшілердің ішкі жан дүниесінің «астарын тысынан ажырататын» психолог мамандардың да тренингтері жоғары сапада өтіп, тыңдаушылардың көңілінен шығуда. Сондықтан болар, Гүлмира Абылайқызының дәрістері үнемі сұраныста.Мемлекеттік қызметтегі іс-қағаздарды жазу мен мемлекеттік тіл, «Көпшілік алдында сөйлеу», «Шешендік өнер» тақырыптарында өткізілетін дәрістерден мемлекеттік тілге деген жанашырлықтың, құрметтің өрістеуін байқадым.

Ұлтымыздың дәстүрі мен сөз саптау мәдениетінің құндылығын сақтау мемлекеттік басқару саласынан басталады. Түрлі ұлт өкілдеріне деген сыйластық сол ұлттың тарихы мен тіліне деген құрметтен пайда болады. Сондықтан, мемлекеттік тілде сөйлеу, қарым-қатынас құру – басқару саласының «локомотиві» болып жүрген мемлекеттік қызметшілердің азаматтық борыштарының бірі.Сөйлескенде сөз мәйегі тыңдаушының әуесін келтіретіндей болғанда ғана азаматтардың басшылыққа деген сенімі мен құрметі бекитінін дәрістерімде әрдайым тілге тиек етемін. 
Облыстық филиалда еңбек еткен 15 жылда мемлекеттік қызмет саласында жүрген азаматтардың білімі мен мінезінің, қабілет-қарымының, жұмысқа деген ынтасы мен елге деген махаббат-мейірімінің түрлі деңгейде өзгергенін байқадым.

Бұдан 10-15 жыл бұрын аудиторияда кемшіліктер туралы әңгіме айтылмайтын. Тек мықты жақтарымыз, дамыған 30 елдің қатарына ілесе алатын мүмкіндіктеріміз туралы ғана сұхбат болатын. Қазіргі кезеңде жан-жақты, алуан түрлі тақырыптарды ашық қозғайтын сұхбаттасу мүмкіндігі бар. Ойды ашық айту, жетістік пен кемшілікті көре білу, өзгеге қорған болу қасиеттерін бүгінгі тыңдаушылардың бойынан жиі көріп, естимін және сеземін.

Әрине, әлеуметтік желілердің ашық қоғам орнатуға сүрлеу болғаны рас. Дегенмен азаматтың бойында патриоттық сезім болмаса дәріскер мен тыңдаушының арасындағы ой бір арнаға бойламас еді.

Академияға біліктілігін арттырамын деп келген мемлекеттік қызметші бойындағы ақыл-парасаты мен қайрат-күшін ел игілігіне жұмсауды меңгерсе, «Адамдардың абзалы – адамдарға пайдалысы» деген халық даналығының ақиқатқа айналғаны!

Тәтті Орынтай, 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы