Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер өзгеге үлгі болуы керек

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шәріповтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер департаменттің биылғы жылдың 1 жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысымен таныстырды.

Департамент 6 айда мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 13 тексеру жүргізіпті. Тексерудің нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 283 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы 10 нұсқама және 2 ұсыныс енгізілген.

– Жүргізілген профилактикалық бақылаулардың нәтижесінде 30 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Атап айтқанда, 21 қызметкерге іссапар шығындары кешіктіріліп төленгені үшін өсімпұл сомасы төленді. 9 қызметшінің қызметтерін бағалау мәселесі қайта қаралды.


Ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өтіпті. 

– Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 109 ұсыным қалыптастырылды. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары толықтай орындалған.
Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша 2 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.Оның ішінде біреуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», ал қалған біреуіне әдеп нормаларын сақтамағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза жарияланды.


Брифинг соңында спикер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Аяулым Жаманқара